Ұлт тарихындағы ақтаң­дақ – ашаршылық азабы. Зұлмат жылдар ішерге ас таба алмай, шекара асқан халықтың көбеюі, барын тал­ғажау еткен қазақтың қатары сиреуі осы аштықтың әсерінен туындады. «Қы­зыл қырғын» немесе «голо­щекиндік гено­цид» деген атауға ие болған оқиға халық санының өсіміне едәуір әсер етіп ғана қоймай, мыңдаған ба­ланың да өмірін жалмады.

Осы орайда соңғы жылдары ҰҚК мұрағатынан табылған Мұхтар Әуезовтің 1921 жылы қазақтың тұңғыш құрылтайында сөйлеген сөзі ойға оралады. Дереккөзде қабырғалы қаламгер қасіретті оқиғаның салдарын суреттеп, аштықтан қаза тапқандардың жарымына жуығы балалар екенін жеткізген. М.Әуезов: «Соңғы жылдары ашаршылықтың салдарынан 1 миллион 700 мың қазақ қырылды, оның 700 мыңы – балалар» деген мәлімет айтады.

Расында, ашаршылық жылдарындағы балалар тағдыры терең зерттілмей келеді. Оның ішінде тірі қалудың қамын жасаған кей отбасының перзентін амалсыз балалар  үйіне өткізуі, алмағайып кезеңде ұрланған балалар тарихы тақырыбына түрен салынбады. Мағлұматтар да енді-енді ел назарын ілінуде. Мысалы, 1921 жылғы желтоқсандағы деректер бойынша Қазақ АКСР-індегі қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар саны 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы наурызға қарай 408 022-ге жеткен.

Мұның өзі тақырыпты тыңғылықты зерттеуге итермелейтіні сөзсіз. Себебі қазақтың бүгінгі табиғи өсімі, ұлттық болмысын тарихтағы айтулы оқиғалар айқындайтынын ұмытпаған жөн. Мысалы, өткен ғасырдағы қаралы оқиғалар болмағанда қазақтың саны 50 млн адамға жетуі мүмкін деген дерек кездеседі. Өйткені, ХХ ғасырдағы қазақ отбасындағы бала саны өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері еді.

Әрине, өткенге – салауат, келешекке – аманат. Ашаршылық тақырыбын зерттеу ісі де тарих қатпарындағы аршылмаған естелікті еске түсіру арқылы болашақты айқындауға, бүгінді қадірлеуге септесу екені анық.

Берен ШАҒЫРОВ