Қазақ не көрмеді? Осы уақытқа дейін небір сұмдық пен қиындықты бастан өткерген халық соғысты да, ашаршылықты да көрді. Соның ішінде 31 мамыр – қазақ жадында мәңгі сақталады.

Жаппай саяси қуғын-сүргін мен миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық – ұлт үшін жанын пида етіп, жазықсыз жапа шеккен зиялыларды аттырды, кінәсіз жұртты аштықтан қырды. Өз ғұмырында мың өліп, мың тірілген қазақ сондада ұлттық рухы мен бекзаттық болмысына сызат түсірмей, ұланғайыр жері мен имандай ұйыған елін аман сақтап қалды.

Расында бүгінгі ұрпақ бақытты. Бейбіт аспан астында дүниеге келіп, аштық пен суықты сезбей, жақындарының тағдырына алаңдамай есейіп келеді. Оларға тарих беттерінде қалған зұлмат жылдарды сезіну, тіпті елестету мүмкін емес. Сондықтан қиын жылдардың құрбанына айналған боздақтардың рухына тағзым етуге – міндетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын еске алып: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» деген еді.

Тарих беттерін парақтасақ, ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған саяси оқиғалар миллиондаған адамның өмірін қиғанын білеміз. Осы кезеңде комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын- сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60- тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеді. Соның арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» белгісі алынып тасталды.

Ресми дерекке сүйенсек, Сталин заманындағы қуғын-сүргіннің кезінде ғана Қазақстан аумағында Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты 11 арнайы лагерь болған. Ондағы 2 миллионға жуық тұтқынның бестен бір бөлігі өзге республикалардан айдап әкелінді. Нақтырақ айтсақ, 800 мың алман ұлтының, 550 мың Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың кәріс пен Қиыр Шығыс халықтары күшпен көшіріліп әкелінді. Жалпы ХХ ғасырда қазақ жеріне Мәскеудің пәрменімен 5,6 миллион бөгде елдің азаматы көшірілді. Бұл сол кездегі қазақ халқының санынан көп еді, өйткені ұлттың басым бөлігін екі толқынмен жүрген алапат ашаршылықтар жойып кетті.

1921 және 1954 жылдар аралығында Қазақстанда 3,7 миллион адам сотталып, 640 мыңы атылған. Соның ішінде саяси себеппен 103 мың адам сотталып, 25 мың адам саяси себеппен атылған. Бұл 25 мың адамның арасында елде басшылық қызметтер атқарған 650 адам да бар. Қазір Алаш арыстары деген атпен ұлықталып жүрген асыл тұлғалардың бәрі осы 650 адамның қатарында болды.

Саяси қуғын-сүргін дегенде еске ашаршылық та түседі. Өкінішке қарай, ғалымдар да, ресми тарих та ашаршылықтан ажал құшқан қазақ саны туралы бір тоқтамға келе алмай жүр. Бір деректерде 1921-1922 және 1930-1933 жылдары жүрген ашаршылықтардың кезінде қырылған қазақтың саны 1 миллион адам делінсе, тағы бір көздерде 2-3 миллион адамға жеткені айтылады. Тағы бір топ ашаршылық жалмаған буынның жалпы санын 4-5 миллионға дейін апарып тірейді.

Жалпы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң алғаш рет 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған. Содан бергі 30 жылдың ішінде құжат 7 рет жаңартылыпты. Соңғы жаңарту 2023 жылдың 19 сәуірінде енгізілген. Заңдағы ақталуға жататын тұлғалар мен ақталуға жатпайтын тұлғалардың санаты 30 жыл бұрынғы редакциясындағыдай өзгеріссіз қалған. Тек 6-баптың «а» тармағындағы «зорлық-зомбылық» деген сөздің орнына «терроризм» деген сөз қойылған.

Қасіретті жылдар Сыр елін де айналып өтпеді. Мәліметтеріне жүгінсек, сол уақытта тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшыраса, 1153 адам оққа ұшты.

Қызылордада 1998 жылы «Арай» шағын ауданында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш 1930-1940 жылдары саяси жазалау құрбандарының жерленген орнында орнатылған. Ескерткіштің авторы – архитектор Мәлік Сапарғалиев. Жыл сайын бұл жерде боздақтар рухына тағзым жасалады.

Қалай болғанда да өткеннің өшпес іздері ел жадында мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Ұрпақ алмасар, бірақ сонда да кейінгі жастың міндеті – бейбіт күннің қадірін білу болып қала бермек.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!