Бүгінде еңбек нарығына ентелей еніп келе жатқан буын – зумерлер. Олар – 1997-2012 жылдар аралығында дүниеге келген Z ұрпағы. Смартфонды бесіктен таныған, цифрлық әлемде еркін жүзген, «TikTok» және «YouTube»- пен қатар өскен, жасанды интеллектті жатсынбайтын буын. Уақыттың жаңа толқыны ретінде зумерлер жұмысқа, өмірге, қарым- қатынасқа мүлде өзгеше көзқараспен қарайды.
Егер бұрынғы ұрпақ үшін жұмыс – міндет, табыс көзі, тәртіп болса, зумерлер үшін жұмыс – өзін-өзі таныту алаңы, еркіндік пен шығармашылық кеңістік. Бұл ұрпақтың жұмыс орнындағы көрінісі – ескі жүйеге келген жаңа тыныс тәрізді.
Зумерлерге иерархия емес, ынтымақтастық маңызды. Олар «басшылық – бұйрық беретін емес, бағыт көрсететін тұлға» деп түсінеді. Кеңседе бастық пен қызметкердің арасында тең серіктестік болу тиіс. Бұл ұрпақ өзіне сенім артқанды қалайды, еркіндікті қажет етеді. Шектен тыс бақылау, артық қысым – олардың табиғатына жат.
Мағынасыз жұмыс – мағынасыз өмір
Жалақы, атақ, кабинет – бұл зумерлер үшін басты мотиватор емес. Оларға жұмыстың мазмұны мен миссиясы маңызды. Егер атқарып жатқан ісі қоғамға пайдалы, адамға жақсылық әкелсе – зумер соған жан-тәнімен беріліп жұмыс істейді. Ал егер тек қағаз толтыру, мәнсіз тапсырма орындау болса олар бірден алыстап, жүрекпен істейтін істі іздейді.
Z ұрпағы үшін уақыт – алтыннан қымбат. Олар таңнан кешке дейін кеңседе отыруды емес, икемді кестемен жұмыс істеуді қалайды. Офис – міндет емес, құрал. Қашықтан жұмыс, гибридті формат, «work-life balance» – олар үшін жай сән емес, өмір сүру нормасы. Жұмыс пен жеке өмір арасындағы шекараны бұлжытпай сақтайды.
Ерке емес, саналы
Кейбір аға буын өкілдері зумерлерді «шыдамсыз, ерке» деп сипаттайды. Алайда бұл – беткі қабаттағы көзқарас. Шын мәнінде, зумерлерде эмоционалдық интеллект жоғары. Олар өз шекарасын қорғайды, токсикалық ортаға көнбейді. Бұл – әлсіздік емес, саналы адамның таңдауы. Олар – өз құқығын білетін, психологиялық саулығын бірінші орынға қоятын ұрпақ.
Зумерлер бір жерде он жыл жұмыс істегенді мақтаныш санамайды. Олар үшін маңыздысы – өсу, даму, тәжірибе жинақтау. Жаңашылдық пен шығармашылық жоқ жерде олар ұзақ тұрақтамайды. Бұл «тұрақсыздық» емес, бұл – өмірге деген шынайы құлшыныс.
Зумерлер – тек жаңа ұрпақ емес, жаңа құндылықтың таратушылары. Олар арқылы еңбек әлеміне еркіндік пен креатив, серіктестік пен сенім, жылдам бейімделу мен технологиялық ойлау енді.
Иә, олар бұрынғы ұрпаққа ұқсамайды. Бірақ дәл осы басқаша болу – қазіргі заманда қажеттілік. Бастысы – түсіне білу. Себебі бүгінгі зумер – ертеңгі көшбасшы. Ал оның көзқарасын тыңдай алған қоғам – болашағын дұрыс құра алады.
Раушан ТҰРҒАНБАЙ,
Назарбаев зияткерлік
мектебінің 12-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!