Фото: ашық дереккөзден
Заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық коммуникациялық технологиялар кеңінен еніп үлгерді. Осы тұста ақпараттық қоғамды қалыптастыру басты мақсатқа айналып отыр.
Адамзат білімге негізделген дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазіргі уақытта ақпарат қоғам өмірінде жетекші орын алатын принципті жаңа жағдай пайда болды. Ақпараттық технологиялар өмірді соншалықты жеңілдетті, енді көп күш жұмсамай-ақ, азық- түлікке тапсырыс беруге, тұрмыстық қызметтерге ақы төлеуге, соңғы жаңалықтарды білуге, бізден мыңдаған шақырым жерде тұратын адамдармен байланыста болуға, сонымен қатар медицина, астрономия, виртуалды шындық және тағы сол сияқты салаларда дамып, үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Бірнеше онжылдықтар бұрын ақпараттық жүйелердің осындай қуатты дамуы, интернет қызметтеріне деген сұраныс (физикалық объектілердің («заттардың») бір-бірімен немесе адамның қатысуынсыз сыртқы ортамен өзара әрекеттесуі) болатынын елестету мүмкін емес еді. Егер біз медициналық саланы қарастыратын болсақ, бірнеше ондаған жыл бұрын жұртшылық тек армандайтын адам жүрегінің жасанды алмастырғышын жасағанын анық көруге болады. Ақпараттық технологиялардың болашақта қалай дамитынын және оның жалпы адамзатқа қалай әсер ететінін нақты болжау қиын. Алайда, қоғамның өмірін ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес.
Қоғамдық қатынастарда кез келген ақпаратты немесе құжаттарды қағаз нұсқаға қарағанда электронды форматта әзірлеу және ұсыну өзектілігі әлі жалғасуда. Осы тұрғыдан қарағанда дамыған қоғамның негізгі мақсаттарының бірі – электронды, цифрлы байланыс.
Осы үдеріс елімізде басқа органдармен қатар сот жүйесіне де толықтай енді деп айтуға болады. Осы мақсатта оқырманды сот жүйесіндегі цифрлық жаңашылдықтармен таныстырып өткенді жөн санадық.
Бұрын сот органдарына жүгіну кезінде қандай да болмасын арыз, өтінішхат, талап немесе құжаттар қағаз нұсқада ұсынылатын. Өз кезігінде осы формат сотқа жүгінушіге де сот қызметкерлеріне де тиімсіз еді. Себебі кез келген арызды қағаз нұсқада басып шығарады, құжаттардың көшіремесін өткізіп сотқа ұсынады. Ал соттың кеңсе қызметкері ұсынылған барлық құжаттарды сканерлеп іс карточкасына электронды нұсқада салады. Бұл жерде шығын мен уақыттан көп ысырап болады.
Қазіргі таңда сот кабинеті сервисі тұрақты түрде жұмыс жасауда. Осы негізде арызды қағазға шығармай-ақ электронды форматта, басқа құжаттардың сканерленген нұсқадан сотқа электронды цифрлық қолтаңба арқылы жолдауға мүмкіндік туды. Сонымен қоса сот кабиенті арқылы мемлекеттік бажды да ешқандай қосымша алымсыз төлеуге болады. Ал оның түбіртегі сот кабинетіне тікелей орналастырылады. Сондай-ақ сенімхатты да сервис арқылы тегін рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Сот кеңесіне келген сот кабинеті арқылы келген электронды арыз бен құжаттар сот органдарының бірыңғай «Төрелік» бағдарламасына енгізіле отырып тіркеледі. Демек бұл жерде құжатты кезектен тыс қабылдау, бір құжатты жою сынды қолайсыз жағдайлардың орын алуы мүмкін емес. Сонымен қатар сотқа жүгінуші өзінің ісінің қозғалысы туралы қашықтықтан бақылай алады.
Бұл дегеніміз сот жүйесі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде деп айтуға толық негіз бар.
Қорытындылай келе, XXI ғасыр – адамзат дамуының жаңа сатыларының бірі компьютерлік қоғамға өтуімен сипатталады. Қазіргі уақытты адам іс-әрекетіне байланысты барлық салаларда компьютерлік технология кеңіне қолданылатын болды және оның маныздылығы барған сайын арта түсуде.
Раушан ТӨЛЕБАЕВА,
Қызылорда қалалық соты әкімшісінің
бас маман-сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!