фото: ашық дереккөз

Мемлекеттің құқықтық жүйесінің тиімді жұмыс істеуі – қабылданған сот шешімдерінің нақты орындалуына тікелей байланысты. Қандай да бір заң немесе сот үкімі азаматтардың пайдасына шешім шығарумен ғана шектелсе, ал оны орындау жағы ескерілмесе, заң үстемдігі тек қағаз жүзінде ғана қалады. Осы орайда атқарушылық іс жүргізу институтының маңызы ерекше.

Атқарушылық іс жүргізу дегеніміз не? Атқарушылық іс жүргізу – бұл сот актілері мен өзге де уәкілетті органдардың шешімдерін мәжбүрлеп орындату бойынша жүргізілетін заңды процесс. Ол Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен реттеледі. Бұл жүйе азаматтардың, заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттің мүддесін қорғай отырып, әділ сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Яғни, азамат өзінің құқығы бұзылған жағдайда сот арқылы шешім шығарып қана қоймай, сол шешімнің нақты жүзеге асуына қол жеткізеді. Атқарушылық құжаттарды кімдер орындайды? Атқарушылық құжаттарды іске асыру сот орындаушыларының құзыретінде. Олар – әділет органдарына бағынышты мемлекеттік немесе жеке сот орындаушылары болуы мүмкін. Әрбір сот орындаушысы өз жұмысына заңға сәйкес жауапты. Мысалы, алимент өндіру, айыппұл салу, мүлікті тәркілеу, еңбек ақы қарызын қайтару сияқты талаптар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жүзеге асады. Атқарушылық процестің кезеңдері:

         1.      Атқарушылық құжаттың тіркелуі;

         2.      Іс жүргізудің басталуы туралы қаулы шығару;

         3.      Орындау мерзімдерін белгілеу;

         4.      Қажет жағдайда мүлікке тыйым салу, шектеу қою, іздестіру және мәжбүрлеу шараларын қолдану;

         Электрондық форматтың артықшылығы қандай? Соңғы жылдары бұл салада цифрландыру процесі белсенді жүріп жатыр. «E-Salyq», «Төлем», «eGov» платформалары арқылы борышкерлердің төлемдері автоматты түрде қадағаланады. Сондай-ақ, азаматтар сот орындаушылардың жұмысы туралы ақпаратты ашық ала алады. Бұл – ашықтық пен тиімділікті арттыратын оң қадам. Атқарушылық іс жүргізудің табысты болуы тек мемлекеттік органның жұмысына ғана емес, сонымен қатар қоғамның құқықтық мәдениетіне де байланысты. Әрбір азамат заңға құрметпен қарап, сот шешімдерін орындауға дайын болуы тиіс. Себебі, бұл – құқық үстемдігінің, әділдіктің және тұрақтылықтың кепілі. 

 Сапарбеков Бижан Калилаұлы,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!