Фото:egemen.kz
Аспанында азаттықтың ақ таңы атқан қазақ елінде әрбір азаматтың құқығы – мемлекет негізінің берік іргетасы. Конституция – халықтың бостандығы мен әділеттілігін сақтайтын айнымас тұғыр, ол әр адамның өмірін айшықтап, әділдік сәулесін шашады. Құқық деген – адамның ең қымбат қазынасы. Әр сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап, туған жерінің заңдары оның алақанында аялайтын асыл құндылықтарды сыйлайды.
Өмір сүру құқығы – бұл берілген бірінші әрі ең ұлы сый. Себебі әр адамның жарық дүниеде еркін дем алып, өз тағдырын өзі қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Адамның еркіндігі мен ар-намысы – оның қастерлі қорғаны. Біреудің жеке өміріне қол сұғу – зәулім тауды құлатумен бірдей. Өйткені, адамның ішкі жан дүниесі – ең нәзік, ең таза мекен. Сондықтан әрбір жан өз ойы мен сөзін ашық айтуға, өз сенімі мен пікірін еркін білдіруге құқылы. Көктемде бүр жарған бәйшешектей, әр адам оқу-білімге, дамуға құштар. Білім алу – адамның шексіз мүмкіндіктерін ашады, санасын сәулелендіріп, болашағына даңғыл жол салады. Қазақстанның әрбір азаматы мектеп қабырғасынан бастап, білім нәрімен сусындауға құқылы. Ал еңбек – адамның өз орнын табуына, қоғамға пайдасын тигізуіне жол ашады. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысып, адал еңбекетіп, маңдай терімен нәпақасын табуға құқылы. Әділ еңбек қана адамның абыройын асырып, шын бақытқа жетелейді. Бірақ құқықтардың баянды болуы – кепілдіктер мен өлшенеді.
Егер заң әділ болмаса, құқық қағаз жүзінде ғана қалып, шын өмірде өз мәнін жоғалтады. Сондықтан Қазақстан Конституциясы азаматтардың құқықтарын сақтауға барынша кепілдік береді. Әрбір адам өзінің құқығын білуі, оны қорғауы керек. Түнектен кейін күн шығады, әділетсіздіктен кейін шындық туады. Адам өз құқығын біліп, оны дұрыс пайдалана білсе ғана, қоғам дамиды. Себебі әділетті елде ғана шын бақыт орнайды. Қазақстанның әрбір азаматы өз құқығын қадірлесе, мемлекет те соғұрлым берік, болашағы жарқын болмақ. Құқық – қараңғыда жол нұсқайтын жарық, әділеттілік – қоғамның мызғымас тірегі. Осы екі ұлы құндылықты сақтау – әрбір азаматтың парызы.
А.Косбергенова
Құқықтық түсіндіру және заңгерлік
қызмет көрсету бөлімінің басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!