Фото:mezgil.kz

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, азаматтық және әкімшілік істер бойынша шығарылған сот актілері міндетті түрде орындалуы тиіс. Алайда сот шешімі шыққанымен, оның орындалуы көбінесе арнайы рәсімді — атқарушылық іс жүргізуді қажет етеді. Бұл процеске өндіріп алушының арызы арқылы бастама жасалады.
Атқарушылық іс жүргізу — бұл заңды күшіне енген сот актілерін және өзге де атқарушылық құжаттарды орындау бойынша сот орындаушысының заңмен белгіленген тәртіпте жүргізетін әрекеттерінің жиынтығы.
Өндіріп алушы — сот шешімі немесе өзге де атқарушылық құжат негізінде белгілі бір мүліктік немесе мүліктік емес талапты борышкерден өндіруге құқылы тұлға. Бұл жеке тұлға да, заңды тұлға да болуы мүмкін.
Атқарушылық іс жүргізуді бастау үшін өндіріп алушы тиісті арызбен жеке сот орындаушысына немесе мемлекеттік сот орындаушысына жүгінеді. Арызда келесі мәліметтер көрсетілуі тиіс:
• өндіріп алушы мен борышкер туралы деректер;
• атқарушылық құжат туралы мәлімет;
• сот шешімінің мазмұны мен орындалмаған бөлігі;
• байланыс деректері және басқа да қажетті ақпараттар.
Сот орындаушы арыз бен құжаттарды алғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғауға немесе арызды кері қайтаруға міндетті.
Атқарушылық құжаттарға келесі құжаттар жатады:
• сот шешімі;
• сот бұйрығы;
• нотариустың атқарушылық жазбасы;
• медиативтік келісім;
• әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар және т.б.
Электронды түрде беру мүмкіндігі:
Бүгінде атқарушылық іс жүргізуді қозғауға арналған арызды электронды үкімет порталы (eGov.kz) арқылы да беруге болады. Ол үшін:
• порталда тіркелу;
• ЭЦҚ арқылы қол қою;
• қажетті құжаттарды тіркеу қажет.
Атқарушылық іс жүргізу — сот шешімінің нақты орындалуын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық тетік. Өндіріп алушы бұл құқықты уақтылы пайдалану арқылы өз мүддесін заң аясында қорғай алады. Сондықтан атқарушылық істі дер кезінде қозғап, заңды жолмен шешімнің орындалуына қол жеткізу — әрбір азаматтың құқығы.

Ғ.Сұлтанова,

Мемлекеттік сот орындаушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!