Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов
Sputnik. Көлік жүргізушілерін тоқтататын кейбір полицейлер өздерін ұялы телефонға түсірмеуді сұрайды. Кеудесіндегі видеожетонды көрсетеді, я болмаса, заңды талапқа бағыну қажеттігін айтады. Бірақ заң бойынша тек белгілі бір жағдайда тәртіп сақшыларын түсіруге болмайды. Басқа уақытта ұялы телефонды емін-еркін пайдалануға рұқсат бар. Sputnik Қазақстан заңның негізгі талаптарын ұсынады.
Полиция қамап тастады
Жақында Ақтөбе қаласында полицияны видеоға түсірген көлік жүргізушісін төрт күнге қамап тастады. Ал аппеляциялық алқа тәртіп сақшыларының әрекеті заңсыз болғанын дәлелдеді.
39 жастағы ер адамға полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін айып тағылды. Тәртіп сақшылары хаттама толтырып, істі әкімішілік сотқа жіберген. Судья оны төрт тәулікке қамауға алуға шешім шығарды. Содан көлік жүргізушісі апелляциялық арыз түсірді.
Оның айтуынша, сол күні көлігін жуып, үйіне бара жатқан. Жолда полицейлер тоқтатады. Ол бәрін видеоға түсіре бастайды. Осыдан кейін 6-7 полицей оны жерге жатқызып, қолына кісен салады. Сол жерден бірден полиция учаскесіне алып кеткен. Қамауға алынған ер адам суицид жасауға тырысқан. Оны жедел жәрдем мамандары құтқарып қалды.
Облыстық сот өтемақы алуға рұқсат берді
Облыстық соттың алқасы учаскелік инспектордың рапортын зерделеп шықты. Осы құжатта жүргізушінің нақты қандай талапты орындамағаны көрсетілмеген. Видеода оның заңсыз әрекет жасағаны да көрінбейді.
Ал полицейлер көлікті не үшін тоқтатқанын айтпай, камераға түсірмеуді талап еткен. Осылайша, ер адамға қарсы күш қолдану мен кісен салудың қажеттілігін дәлелдейтін ешбір уәж табылмады. Әкімшілік істі қозғаған полицей оған адвокат шақыруға да рұқсат бермеген.
Апелляциялық сот алқасы ер адамның әрекетінен қылмыс құрамын таппай, істі тоқтатуға шешім шығарды. Заңсыз қамауға алынғаны үшін өтемақы талап етуге құқылы екенін де жеткізді. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, 1 миллион теңге талап етті. Сот қаржы министрлігін 200 мың теңге төлеп беруді міндеттеді.
Заң не дейді
Заң бойынша жеке тұлғаларды фото мен видеоға түсіруге тыйым салынған. Контентті желіге де салуға болмайды. Ол үшін сол адамдардың келісімі керек. Алайда жол полициясын видеоға түсіруге қатысты нақты заң талаптары бар. Жол қозғалысы туралы заңның 54-бабында «механикалық көлік құралы меншік иесінің және жүргізушісінің құқықтары мен міндеттері» жазылған.
«Жүргізушінің құжаттарын тексеруге құқығы бар лауазымды адамнан көлік құралын тоқтату себебіне түсіндірме алуға, бұл ретте фото- және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар», – делінген 2-бөлігінің 3-тармағында.
Оған қоса, ішкі істер органдары туралы заңда полиция қызметкерлерін тергеу шаралары кезінде фото-видеоға түсіруге тыйым салынбаған. Осы заңның 6-бабына сәйкес, тәртіп сақшылары фото және видеоға үш жағдайда тыйым сала алады. Олар:
- тергеу шаралары кезінде:
- төтенше жағдайда;
- терроризмге қарсы операция аймағында;
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!