фото: gov.kz
Қазақстанда “жұмыссыздық бойынша жәрдемақы” деп аталатын нақты төлем жоқ, оның орнына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем қарастырылған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өтемақы барлық азаматтарға емес, тек ресми түрде жұмыс істеген және олар үшін жұмыс беруші МӘСҚ-қа тұрақты түрде әлеуметтік аударымдар жасаған адамдарға ғана төленеді.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 220,9 мың адамға жеткен. Оларға барлығы 62,2 миллиард теңге төленді.
Оның ішінде 161,9 азамат бұл төлемді алғаш рет биыл алған. Олар жұмысын 2025 жылы жоғалтқан.
Төлемді алу үшін жұмыстан айырылу жеткіліксіз. Жұмысынан айырылған азамат келесі рәсімдерден өтуі керек:
• Электрондық үкімет порталында (egov.kz) авторизациядан өту;
• “Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру” бөлімінде «Жұмыс іздеуші тұлғаларды тіркеу” қызметін таңдау;
• Қызметке өтініш беріп, ЭЦҚ арқылы қол қою.
Осыдан кейін карьерлік орталық 1 жұмыс күні ішінде лайықты бос жұмыс орнын ұсынады. Егер табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде азаматқа “жұмыссыз” мәртебесі беріледі және оған МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем рәсімдеу туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Әлеуметтік төлем туралы білу қажет ақпарат:
• Төлену мерзімі: 1 айдан 6 айға дейін;
• Төлем мөлшері: әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және жоғалған жалақыға байланысты. Бірақ жалақының 45% мөлшерінен аспайды;
• Қайта рәсімдеуге болады, алайда бұл жағдайда төлем мөлшері айтарлықтай азаяды;
• Жұмыстан шығу себебі маңызды емес, барлық жағдайда тағайындалады.
Айта кетейік, әлеуметтік төлем алушылар саны елдегі нақты жұмыссыздық деңгейін көрсетпейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!