Фото: korkyt.edu
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелден келген студенттермен кездесу өтті.
Жиынды Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева алғысөз сөйлеп, кездесудің мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде шетелдік студенттердің оқу ордасында еркін бейімделіп, оқу мен тұрмыс барысында туындайтын кез келген мәселені ашық айтуға шақырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – университеттің ішкі тәртіп ережелерін және еліміздің заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ шетелдік азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Іс-шара барысында Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Сәкен Абдулғазиз шетелдік азаматтарға қатысты қылмыстық заңнаманың талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ғанибек Отарбаев шетелдік азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылықтарға, оның ішінде есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттарды тасымалдауға абайсыздан немесе алдау жолымен тартылып кетуінің алдын алу бағытында түсіндірме жасады.
Кездесуге прокуратура және полиция өкілдері де қатысып, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Шетелдік студенттер өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір білдіріп, мамандардан нақты түсіндірмелер алды.
Мұндай шаралар шетелден келген студенттердің білім алу сапасын арттыруға, Қазақстанға бейімделу процесін жеңілдетуге және құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!