Фото: le-tany.kz
Мүлікті тәркілеу – соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүзеге асырылатын мәжбүрлеу шарасы. Бұл шара көбіне қылмыстық істерде айыпталушыға қолданылатын жаза түрі ретінде немесе азаматтық-құқықтық дауларда борышкердің міндеттемесін орындамаған жағдайында жүзеге асады.
Сот актісінің заңды күші. Мүлікті тәркілеу тек сот шешімі немесе үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана қолданылады. Егер қылмыстық іс бойынша үкім шығарылса, тәркілеу жаза түрі ретінде айқын көрсетіледі. Ал азаматтық істерде борышкердің мүлкін өндіріп алу туралы сот шешімі шыққаннан кейін орындау парағы негізінде сот орындаушылары әрекет жасайды.
Орындау құжаты. Сот актісі негізінде мүлікті тәркілеу үшін орындау парағы немесе соттың үкімі мен қаулысы сот орындаушысына беріледі. Мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы осы құжаттарды алған соң тәркілеу рәсімін бастайды.
Тәркілеу рәсімі. Мүлікті тәркілеу бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен борышкерге атқарушылық іс жүргізудің басталғаны туралы ресми хабарлама жіберіледі. Кейін оның жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, банктегі есепшоттары, басқа да активтері анықталады. Тексеру барысында табылған мүлікке тыйым салынады, яғни оны сатуға, сыйға беруге немесе пайдалануға болмайды. Одан соң арнайы бағалау жүргізіліп, құны белгіленеді. Соңғы кезеңде мүлік мемлекеттік аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат мемлекет кірісіне немесе талапкердің пайдасына аударылады.
Ерекше жағдайлар. Заң бойынша тәркілеу тек сот шешімінде нақты көрсетілген мүлікке ғана қолданылады. Азаматтың күнделікті тұрмысқа қажетті негізгі заттары, үйдегі қарапайым жиһаздары, киім-кешегі мен азық-түлік қоры тәркіленбейді. Сондай-ақ банктегі жәрдемақы, алимент, зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдерге қол сұғылмайды.
Осылайша мүлікті тәркілеу – азаматтардың құқықтары мен міндеттерін сақтай отырып жүргізілетін рәсім. Ол тек сот актісі негізінде, заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл шара қоғамда әділдікті қамтамасыз етуге, мемлекет пен жекелеген азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
М.Бисенбаев,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп орындату
аумақтық бөлімінің» басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!