Сот актілерінің толық әрі уақытылы орындалуы – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот шешімдерінің маңызы зор болса, сол шешімдердің іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін басты тұлға – сот орындаушысы. Сондықтан сот орындаушысының қаулысының орындалуы құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін нығайтудың маңызды тетігі болып табылады.

Сот орындаушысы шығарған қаулы – міндетті күші бар ресми құжат. Яғни «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының» талаптарына сәйкес сот орындаушысының қаулысы – атқарушылық іс жүргізу процесінде сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу шешімі тіркелетін іс жүргізу құжаты.

Атқарушылық құжат орындауға берілген күннен бастап атқарушылық iс жүргiзу мәселелері бойынша сот орындаушысы қабылдайтын шешімдер қаулылармен ресімделеді. Сот орындаушысының қаулысы-Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданып, борышкер мен өзге де қатысушылар үшін орындауға міндетті болып табылады. Қаулының орындалуы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жүзеге асырылады және ол нақты құқықтық рәсімдерге негізделеді. Бұл рәсімдер әділдік, заңдылық және тараптардың құқықтарын сақтау қағидаларына сүйенеді. Сот орындаушысы қаулыны орындау барысында борышкерге өз міндетін орындауға мүмкіндік береді. Белгіленген мерзім ішінде борышкер қарызын өтеп немесе өзге де міндеттерін орындаса, қосымша мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды. Алайда, көрсетілген мерзімде талаптар орындалмаған жағдайда, сот орындаушысы заңда көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы. Оларға мүлкіне тыйым салу, банктік шоттарды бұғаттау, жалақыдан ұстап қалу, елден шығуға шектеу қою сияқты әрекеттер жатады. Сот орындаушысының қаулысы шығарылған күнінен бастап күшіне енеді, міндетті түрде орындалуға тиіс. Қаулының тиімді орындалуы үшін сот орындаушысы мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және өзге де мекемелермен өзара әрекеттеседі. Бұл өзара іс-қимыл атқарушылық өндірістің нәтижелілігін арттырып, шешімнің нақты орындалуына ықпал етеді. Сонымен қатар, сот орындаушысы өз қызметінде заңдылықты қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтарын бұзбауға және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбауға міндетті.Сот орындаушысының қаулысының орындалуы тек мәжбүрлеу шараларымен ғана шектелмейді. Бұл үдеріс құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да әсер етеді. Азаматтардың сот шешімдерін өз еркімен орындауы қоғамдағы жауапкершілік деңгейін арттырады және құқыққа деген құрметті күшейтеді. Ал қаулының орындалмауы немесе оған кедергі келтіру заң алдында жауапкершілікке әкеп соқтырады. Сот орындаушысының қаулысының орындалуы – әділ сот төрелігінің соңғы әрі шешуші кезеңі. Оның сапалы жүзеге асырылуы азаматтардың құқықтарын нақты қорғауға, заң талаптарының сақталуына және қоғамдағы құқықтық тәртіптің орнығуына тікелей ықпал етеді.

Ғ.Сұлтанова

Қызылорда облысы Әділет департаментінің «Арал

ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» филиалының басшысы-аға сот орындаушысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!