Жұлдыз Сүлейменова. Фото: YouTube /ҚР Парламенті Мәжілісі

Соңғы кездері тұрмыстық вандализм әлемдегі жаһандық мәселелердің біріне айналды. Елімізде әйел мен бала қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қатысты заң жобасына толықтырулар мен өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Нақты қандай өзгерістер енгізілетіні туралы депутат Жұлдыз Сүлейменова «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Басылым мәліметінше, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін әлемнің 155 елі заңдарында жазаны қатаңдатқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен заң жобалары әзірленді. Заң жобасы «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, аталған заң жобасына қатысты нормалар, толықтырулар мен өзгертулер егжей-тегжей зерттеліп, депутаттар тарапынан көп сұрақ туындатты.

«Әйел мен бала қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кім-кімді болмасын толғандырады. Заң жобаларының бірнеше маңызды аспектілеріне тоқталсақ, бірінші, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылған.

Мәселен, 2017 жылдан бастап Әкімшілік құ­қық­­­­бұзушылық туралы кодексінде болған 73 бабы, 1-тармағы Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және 73-бабы, 2-тармағы Ұрып-соққаны үшін баптар алынып, сәйкесінше Қылмыстық кодекске 108-1-бабы: Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1-ба­­­бы: Ұру жаңа баптары енгізіліп отыр. Жаңа заңда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру 2 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма, мәселен, педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды», – деді депутат.

Сонымен қатар депутат бұл баптар әйел немесе бала құқығын қорғау­мен қатар барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталатынын баса айтты.

«Зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасие­тін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылғанын айтып өткен едім ғой?! Осы жерде, бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді, бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғау­мен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады.

Оның ішінде ер адам­дар да бар. Яғни, ер азаматтарымыз да аталған бап бойынша өз құқықтарын қорғай алады. Заңның тақырыбы ең басында әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталғанымен біз әйел мен баланы бөліп қарамай, қоғамдағы тәртіпті орнықтыру мәселесіне жіті назар аударып отырмыз», – деді сұхбатында Сүлейменова.

Оның сөзінше, негізгі мақсат – құқық­­бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту.

«Мәселен, біз әдетте көпбалалы аналар туралы жиі айтамыз. Дегенмен көпбалалы әкелерді де ұмытпауымыз қажет. Талқы барысында отбасы институтын нығайту үшін әкенің рөлін арттыруға да көптеген ұсыныстар айтылды. Заң бәріне ортақ. Біз үшін – қоғамдағы құқықбұзушылықтың азайғаны маңызды», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!