Фото: egemen.kz

Әрбір азаматтың құқығы қорғалған, заң үстемдігі салтанат құрған қоғам құру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сол міндеттің орындалуына мемлекет кепілдік берген заң көмегі ерекше ықпал етеді. Бұл – кез келген азаматтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, құқықтық қолдауға қол жеткізу мүмкіндігі. Әсіресе, адвокаттар мен заң консультанттарының атқаратын рөлі зор. Олар – заң жолындағы кәсіби қорған, әділеттің тірегі, азаматтардың сенімді серіктесі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің маңыздылығы оның қолжетімділігінде. Көп жағдайда адамдар өз құқықтарын толық білмегендіктен немесе құқықтық сауаттылығының төмендігінен әділетсіздікке ұшырайды. Осындай сәтте мемлекет есігін жауып алмайды, керісінше азаматқа қолын созады. Адвокаттар мен заң консультанттары белгіленген тәртіппен ақысыз қызмет көрсетіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы үшін күш салады. Бұл қызметтің ауқымы кең: қылмыстық істер бойынша қорғаудан бастап, азаматтық-құқықтық дауларда өкілдік етуге, тіпті қарапайым құқықтық кеңес беруге дейін қамтиды.

Адвокат – тек сотта сөз сөйлейтін тұлға ғана емес, ол – әділеттілікке жетудің жолын білетін, азаматқа заңды түсіндіре отырып, оның тағдырын жеңілдететін маман. Заң консультанттары да дәл осы міндетті өз саласында атқарады. Олар даулы мәселенің шешімін табуға көмектесіп, құқықтық сауатты арттырады, заңды жолды нұсқайды. Бұл мамандардың жұмысы – қоғамдағы құқықтық мәдениеттің дамуына да тікелей әсер етеді. Себебі құқықтық білімді азамат – заңды құрметтейтін, әділетті бағалайтын тұлғаға айналады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің тағы бір қыры – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамдардың құқығы аяқ асты қалмауы тиіс. Бұл – Конституцияда бекітілген теңдік қағидатының өмірде жүзеге асуы. Бай да, кедей де, жас та, кәрі де заң алдында тең. Әркімге әділет жолы бірдей ашық. Осы тұрғыдан алғанда адвокаттар мен заң консультанттарының еңбегі – тек кәсіби міндет ғана емес, үлкен азаматтық борыш.

Заң көмегін мемлекет есебінен ұсыну – халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады. Азамат әділеттілікке жету жолында жалғыз емес екенін сезінеді. Оның қасында кәсіби маман, заңға сүйенген қорғаушы бар. Бұл – ертеңгі күнге деген үмітті арттырады, қоғамда тұрақтылық пен сенімділікті орнықтырады.

Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңында (бұдан әрі- Заң) заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың санаттары көзделген.

 Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.

Заңның 27-бабына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:

  1. мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;

2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;

3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға тегін заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;

4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;

5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;

6) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.

 Сонымен қатар, Заңның 19-бабында кешенді әлеуметтік заң көмегі көзделген.

Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға, клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін шартқа сәйкес көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.

Кешенді әлеуметтік заң көмегі:

«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға;

атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;

Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;

басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға;

жасына байланысты зейнеткерлерге;

қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға;

мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдары бар адамдарға көрсетілуі мүмкін.

Қызылорда облысы бойынша Әділет департаменті бүгінгі күні 79 адвокатпен тегін заң көмегін көрсету туралы келісімдер жасаған және ағымдағы жылдың 9 айында адвокаттармен 10856 адамға тегін заң көмегі көрсетілген.

А.Қосбергенова,

 Қызылорда облысы

Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!