Фото: egemen.kz
Қазіргі қоғам мен экономиканың қарқынды дамуы жағдайында жастардың еңбек құқықтарын қорғау – уәкілетті органдардың, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының басты міндеттерінің бірі. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті – адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, сондай-ақ олардың сақталуы мен дамуына ықпал ету. Жас азаматтардың еңбек саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру – олардың әлеуметтік қорғалуы мен болашағы үшін маңызды қадам.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы әр азаматқа еңбек ету бостандығын, кәсіп пен мамандықты еркін таңдау құқығын береді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес, жасы, жынысы, ұлты, тегі және өзге де белгілері бойынша еңбек саласында кемсітушілікке жол берілмейді.
Еңбек кодексінің 31-бабында еңбек шарты жасалатын ең төменгі жас мөлшері нақты көрсетілген:
-16 жастан – толық еңбекке қабылдана алады;
-15 жастан – ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен, денсаулығына және оқуына зиян келтірмейтін жағдайда;
-14 жастан – сабақтан бос уақытында, тек жеңіл жұмыстарда, ата-анасының жазбаша келісімімен ғана.
Сонымен бірге, Еңбек кодексінің 26-бабына сәйкес, 18 жасқа толмағандарды ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарға, жер астындағы жұмыстарға және түнгі ауысымға қабылдауға қатаң тыйым салынады.
Еңбек кодексінің 69-бабына сай, кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты қысқартылған:
14–16 жас аралығы – аптасына 24 сағаттан аспайды;
16–18 жас аралығы – аптасына 36 сағаттан аспайды.
Бұл норма жастардың денсаулығын сақтау және білім алу процесіне кедергі келтірмеу үшін енгізілген. Жас қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа және мереке күндеріндегі жұмысқа тартуға болмайды.
Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес, жалақы мөлшері ең төменгі жалақыдан кем болмауы тиіс. Бұл мөлшер жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
18 жасқа толмаған, қысқартылған жұмыс уақыты бар қызметкерлерге жалақы жұмыс уақытына немесе орындалған жұмыс көлеміне пропорционалды түрде төленеді.
Еңбек кодексінің 90-бабына сәйкес, 18 жасқа дейінгі қызметкерлер жыл сайын кемінде 24 күнтізбелік күн ақы төленетін демалысқа шығуға құқылы. Ең маңыздысы — бұл демалыс оларға еңбек өтілі 6 айға жетпесе де, өздеріне ыңғайлы уақытта беріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 50 пайыздан сәл ғана асатынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру қажеттігін айтты. Президент олардың нақты жұмыс істеу тетіктерін қайта қарау керектігін және бұл мәселені үнемі назарда ұстау қажет екенін жеткізген еді.
Жастардың еңбек құқықтарын қорғау – тек заң міндеті ғана емес, елдің болашағына жасалған инвестиция. Әр жас қазақстандық өз құқығын біліп, оны қорғай білуі керек.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты осы жолда әр азаматқа қолдау көрсетуге дайын.
Берікбол Байхожаев,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі
уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!