Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) 2020  жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді, осы күннен бастап «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының күші жойылды.

         ӘРПК мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді (ӘРПК-нің 3-бабы 1-бөлігі).

         Сонымен қатар, ӘРПК белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы, Жоғары Сот Кеңесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында және т.б. заңнамалармен реттелетін қатынастарға қолданылмайды (ӘРПК-нің 3-бабы 4-бөлігі).

         ӘРПК-ге сәйкес, жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым болып табылады (ӘРПК 4-бабы 1-бөлігі 16-тармағы).

         Әкімшілік орган, лауазымды адам – жолданымдарды қабылдайды және тіркейді, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдеседі, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік береді (ӘРПК 20-бабы 1-бөлігі 1-тармағы).

         Әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды бір немесе бірнеше тұлға (ұжымдық жолданым) бере алады (ӘРПК 22-бабы 1-бөлігі).

         Жаңа Заңға сәйкес, әкімшілік акт дегеніміз – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім (ӘРПК 4-бабы 1-бөлігі 4-тармағы).

         Әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды (ӘРПК-нің 71-бабы).

         ӘРПК-де процестік мерзімдер айқындалған.

         Атап айтқанда, әкiмшiлiк рәсімге қатысушыға әкімшілік іс қаралғаннан кейін өтінішхат мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкiмшiлiк іс материалдарымен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс (ӘРПК-нің 75-бабы 1- бөлігі).

         Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды (ӘРПК 76-бабы 1-бөлігі).

         Бұған қоса, ӘРПК сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды (ӘРПК-нің 99-бабы).

Ж.Т. Маханбетова,

Департаменттің сот орындаушыларының

қызметін реттеу және бақылау бөлімінің

бас маманы 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!