Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қопа ауылында болған оқушы өліміне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Сотталушылардың барлығы — Қопа орта мектебінің 10 және 11-сынып оқушылары. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Бұзақылық» және «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері» баптары бойынша айып тағылған.
Сот үкімімен 10-сынып оқушысы және 11-сыныптың екі оқушысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын кәмелетке толмағандарға арналған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
Тағы үш оқушы ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі және 106-бабының 3-бөлігі бойынша тағылған айып дәлелденбей, олар бұл баптардан ақталып, сот залынан босатылды.
Сот азаматтық талап-арызды ішінара қанағаттандырды: сотталушылардың бірінің заңды өкілі жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлейді, сондай-ақ сотталушылар бірлесіп 2 миллион теңге қорғаушы қызметіне кеткен шығынды өтеуге міндеттелді.
Сонымен қатар, судья Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысына және облыстық полиция департаментінің бастығына жекеше қаулы шығарды.
Еске сала кетейік, былтыр Ақтөбе облысы Қопа ауылында оқушылар арасындағы жанжалдан кейін бір жасөспірім көз жұмған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!