фото: Әлеуметтік желілерден алынған фото
Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Мән-жайды қалалық полицияның баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Бұған дейін қайғылы оқиғаға күдікті деп танылған жүргізуші медициналық мекемеде күзетпен ұсталған болатын.
«Үш адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына кінәлі ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этаппен жеткізілді. Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде күзет бақылауында болған және сот санкциясымен қамауға алынды», – деп хабарлады полиция.
Полиция ақпаратынша, ер адам қылмыстық істі тергеу аяқталғанша тергеу изоляторында болады.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшыларын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Апат алдындағы көше жарысы: полицияның қатысы бар ма?
Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін екендігі туралы видеолар тарады. Жарияланым авторларының уәжі бойынша, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысты болуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, әлеуметтік желідегі видеоға сілтеме жасап.
Жанжалдың салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайларын хабарлады.
«Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады», – деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!