Қостанай тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 21 миллион теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қостанай қаласының тұрғыны жалған инвестициялық платформаға сеніп, 21 миллион теңгесін жоғалтты. Жәбірленуші бұл схеманың алаяқтық екенін кеш түсінген.
Оқиға 2024 жылы қазанда басталған. Әйел Instagram желісінде инвестиция салудың тиімді жолдары туралы жарнаманы байқап, оған қызығушылық танытқан. Жарнамадан көрсетілген аға кеңесшінің байланыс нөмірі арқылы ол ұсынылған платформаға алғашқы 100 АҚШ долларын аударған.
Көп ұзамай «кеңесшілер» одан түрлі салықтар мен алымдарды төлеуді талап етіп, әйелді қосымша қаржы салуға көндірген. Олар оның сеніміне кіріп, бірнеше банктен несие алуға мәжбүрлеген.
«Бұл уақытта әйел жинаған қаржысын үй сатып алу үшін сақтап жүрген еді. Осылайша ол алаяқтардың есепшотына 21 миллион теңгеден аса қаражат аударды. Тергеу барысында алаяқтар жәбірленушінің бизнесіндегі банк деректерін өз мақсаттарына пайдаланып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолданғаны анықталды», – деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің орналасқан жерін анықтау және оларды ұстау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!