Фото: bureau.kz

Halyq Uni. Алматы барахолкасының кәсіпкерлері сауда орталығындағы әділетсіздікке шағымданды. Себебі олардың бірі сауда дүңгіршегінсіз қалса, енді бірі алаяқтықтың құрбаны болған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

«Рахат» базарының жүзден астам саудагері Жетісу ауданының әкімдігін үшінші жыл сотқа беріп отыр. Өйткені билік барахолка аумағында саябақ құруды жоспарлап, кәсіпкерлерді саудадан бас тартуға мәжбүрлеген.

Барахолканың ортасында ешқандай қоғамдық бақ болуы мүмкін емес. Жергілікті билік пен шенеуніктер бюджет қаражатын пайдаланып, бұл аумақты басып алу шараларын қалай іске асырып жатыр? Мұның әдейі жасалғанын түсінеміз, – дейді кәсіпкер Жәнібек Башанов.

«Еуразия» сауда орталығының басқа да кәсіпкерлері түйткілді мәселелерді айтып өтті. Онда бұрынғы қожайын базарды қалпына келтіреміз деген сылтаумен 67 адамнан 5 миллионға жуық доллар жинап, оларды жалдаушы емес, бутик иесі етуге уәде берген. Содан базарды сатып, Ресейге қашып кеткен.

Прокурорларға талай рет бардық, нәтиже болмады. Әр жолы тәртіп сақшылары сылтау айтады. Қылмыстық іс 2023 жылдың басында қозғалған. Одан бері ештеңе алға жылжыған жоқ. Базардың жаңа қожайыны жалдау ақысын 30 пайыз өсірді. Ал біз бұрынғыға бар ақшамызды бердік, сондықтан банкрот болудың аз-ақ алдында тұрмыз, – дейді кәсіпкер Сәуле Абдуллина.

Қазір осы іс бойынша сот процесі жүріп жатыр.

Кез келген мәселенің ортақ шешімі жоқ. Кәсіпкерлер барлық жерде ұтылып жатыр. Мәселен, билік «Рахат» базарының аумағынан тыс жерде саябақ салуы мүмкін еді. Ал ақшаны алдап алып кеткен «Еуразия» базарының бұрынғы қожайыны Ресейден экстрадицияланып, қаражатты қайтаруға мәжбүр болуы керек, – деді заң палатасының мүшесі Жәмилә Төленова.

Айта кетсек, Алматы қаласы жер комиссиясының 2023 жылғы 16 ақпандағы шешімімен Жетісу ауданы, Солтүстік айналма көшесі, 9 бойында орналасқан ауданы 97 гектар жер телімі Жетісу аудандық аппаратына абаттандыруға берілген. Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес, енді әйгілі барахолкадағы базарлар қала сыртына көшірілуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!