Фото: Polisia.kz

KAZINFORM – Ақтөбе полицейлері 13 велосипед ұрлаған күдіктіні қолға түсірді. 

Polisia.kz-тің мәліметінше, қос дөңгелекті көлікті ұрлау фактісі бойынша полицияға облыс орталығының тұрғыны жүгінген. Арызданушының айтуынша, ол велосипедті жұмыс орнының алдына қойған. Алайда жұмыстан шыққан кезде велосипедінің жоқ екенін көрген. 

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде күдікті ретінде 29 жастағы азаматты анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Сондай-ақ ұсталған адамның бұдан басқа тағы 12 велосипед ұрлығына қатысы бар екені анықталды.

Күдікті бейтаныс адамдарға ұрланған велосипедтердің өзінікі екенін, оны ломбардтан телефонын қайтарып алу үшін сатып жатқанын айтқан.

Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция департаменті азаматтарға ұрланған заттарды сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!