Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында жаға ұстатар оқиға болды. 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі қатыгездікпен өлтірген. Қанды қылмысты марқұмның жұбайы Айбар Жанболат жасады деген күдік бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған мәліметке жүгінсек, марқұмның туыстары көп сағат бойы азапталғанын айтады. Күйеуі әйелін екі жасар бүлдіршінінің көзінше қатыгездікпен ұрып-соққан. Бұдан бөлек, оны арқанмен қолынан байлап, жылқымен сүйрегені де айтылды.

Медициналық қорытындыда көрсетілген жарақаттар:

  • Бас-ми жарақаты (ЗЧМТ);
  • Ми ісінуі;
  • Бас сүйегі негізінің сынуы;
  • Жамбас және аяқ-қол сүйектерінің көп жерден сынуы;
  • Терінің бірнеше жерден сылынып кетуі;
  • Буын байламдарының үзілуі;
  • Қол мен білектегі терінің толықтай сырылып кеткені;
  • Денеде жерге сүйрелу іздері бар.

Күдікті Айбар Жанболат әйелінің екінші қабаттан селфи жасап жатып құлап кеткенін айтқан. Алайда, марқұмның туыстары бұл мәлімдемені шындыққа сай емес деп есептейді. Олардың айтуынша, оқиға орнында қылмыстың ізін жасыру әрекеттері де болған.

Айзатты ауруханаға жеткізбес бұрын жуындырып, киімін ауыстырған. Оның үстінде қанның, жарақаттың ізі болмаған. Бұл жағдай туыстардың күдігін күшейте түскен.

Айзат Жұманова 22 маусымда түнгі сағат 02:30 шамасында Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер тек оның қайтыс болғанын ғана тіркеген. Туыстары ол кезде Айзаттың өмірден өтіп кеткенін айтып отыр.

Қайғылы оқиға кезінде екі жасар қызы барлық жағдайды көзімен көрген. Қазір ол ауыр психологиялық күйзеліске ұшырап отыр.

«Қызымыз сөйлемейді. «Мама, мама» деп қана күбірлейді. Түнде ұйықтамайды, қараңғыдан қорқады. Барлығын көрді, бірақ айтуға шамасы жоқ», – дейді туыстары.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша полиция тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ісі облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Қылмыстық іс аясында қылмыстың толық әрі объективті сипатын анықтауға бағытталған барлық қажетті процессуалдық шара қабылданып жатыр. Айғақтар жиналып, мұқият сараптама жасалып жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Барлық тараптың уәждері мен нұсқалары тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Белгілі болғандай, тергеу әрекеттері заңнама аясында, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Кінәлілер заңға сәйкес толық көлемде жауапқа тартылады.

Қазіргі уақытта тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!