Коллаж: Halyq Uni
Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығып, салдарынан үш адам қаза болған іске қатысты Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оған қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. ҚР қылмыстық кодексінің 58-бабына сәйкес, жазаны неғұрлым қатаң тағайындалған жазаны сіңіру арқылы Дархан Ахметжановты түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын, – делінген судья үкімінде.
Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.
2023 жылдың 22 желтоқсанынан үкім заңды күшіне енгенге дейін Ахметжановқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі санкция қолданылған уақыттағы 1 күн қылмыстық-атқару мекемесінің 2 күніне тең деп есептеледі.
ҮШ АДАМ ҚАЗА ТАПҚАН АПАТ
Қайғылы жағдай 2023 жылдың 22 желтоқсанында болған. Сол кезде жергілікті полиция №47 автобустың жолаушысы жанжал кезінде жүргізуші әйелді ұрғанын, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын хабарлады.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды.
Сотталушы Дархан Ахметжановқа қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл ауырлығы орташа қылмыс саналады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!