Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң анықталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, мессенджерлердегі 300-ге жуық арна, тыйым салынған заттар сатылатын 4 ірі Darknet маркетплейс көзге түскен.

Ел аумағында Telegram арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалаумен және сатумен айналысқан 80 пайдаланушының жеке басы анықталды.

Интернет-кеңістіктің Қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары саналатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды.

Талдауда тұтынушылардың 50 пайыздан астамы Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі екені анықталды. Агенттік өткен жылы айналымы 25,6 миллиард теңге болатын 36 есірткі дүкенін анықтады.

Биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықталды.

Қаржылық барлау бөлімшесінің алдын ала талдау қорытындысы бойынша аталған дүкендердегі ақша қаражатының жалпы айналымы 3 млрд теңге болған.

Айналымы 82 млн теңге есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!