SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда үш ер адам автобус аялдамасында тұрған қызды күшпен көлікке отырғызып, алып кеткен. Оқиға куәгерлердің көз алдында болған – кейбірі араласуға тырысқанымен, нәтиже бермеген.

Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен айқайлап, қарсылық көрсеткен, алайда күдіктілер өте тез әрекет еткен. Көлік орнынан зымырап кетіп, көзден ғайып болған.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің мәліметінше, күдікке ілінген үш азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы — «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша іс қозғалған.

Министрлік өкілі аталған баптың жақында ғана Қылмыстық кодекске енгізілгенін және оның қолданылуы бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Ішкі істер органдары азаматтардың жеке еркіндігіне қарсы кез келген әрекетті, соның ішінде неке қиюға мәжбүрлеуді қатаң түрде тоқтатады. Жаза бұлжытпай қолданылатын болады», — деді министрліктен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!