Шымкентте бойжеткенді қуып жүріп пышақтап тастаған жігіт қолға түсті. Күдікті 21 жастағы Нұрай Серікбайды жар болуға көнбей қойғаны үшін өлтіріпті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы марқұмды бүгін жерлеген туыстары айтып берді. Жеті жерінен пышақ сұғылған Нұрайдың жақындары қала сыртында жасырынып жатқан жерінен ұсталған күдіктіге қатысты ең ауыр баптармен қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр.
КТК дерегіне сүйенсек, 21 жастағы марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Бірі талып, бірі есін жинап жатқан жақындары Нұрай мен оны өлтірген қаскөй былтыр тойда танысқан дейді. Көп өтпей, оны алып қашқан кезде қыз көнбей кетіп қалады. Бірақ содан бері бойжеткенді аңдуын қоймаған көрінеді.
Алматыда дизайнер мамандығы бойынша оқып жүрген Нұрай Серікбай қысқы демалысқа келген. Дүкенге шыққанда оны торуылдаған қаскөй қинап сөйлеспекші болған. Бірақ қыз көнбей, қашқан кезде артынан қуып жүріп пышақтаған. Мәйіттің сау тамтығы қалмаған дейді жаназасын шығарғандар.
Қанды қылмыстан соң күшейтілген режимде күдіктіні іздеген полицейлер 28 жастағы азғынды қала сыртында жасырынып жатқан жерінен ұстапты. Оған қатысты әзірге бір баппен қылмыстық іс қозғалды.
«Күдікті қала аумағынан шамамен он шақырым қашықа ашық жерде анықталып ұсталды. Қазір 28 жастағы Шымкент тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Тергеудің себептері мен мән-жайы тергеуде анықталады».
Ернар Алтаев, Абай АПБ бастығы:
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
