Фото: ашық дереккөзден
Әлемді жақсартуға қабілетті мүмкіндіктер, өзгерістер мен жетістіктердің бастауы не екенін білесіз бе? Ол – білім. Бұл ресурс адамды надандықтың қараңғылығынан алып шығып, еркіндік жолына апарады.
Білім алу – өмір бойы жалғасатын процесс. Бұлай деуімізге дәлел де бар. Әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн өз өмірін білім мен ғылымға арнағанын білеміз. Оның зерттеулері мен ғылыми ізденістері, өмірге деген шексіз құштарлығының айқын дәлелі емес пе?
Америкалық жазушы Марк Твен айтқандай, «Білім − еркіндікке жол ашатын кілт». Мұның қуатты қару екенін білген қазақтың зиялы өкілері де білімге жастайынан бет бұрған. «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан Жұмабаев 4 жасында хат таныған. Сол секілді ғалым Шоқанның да білім мен ілім жолы жастайынан басталған. Әкесі Уәлихан Шоқанға 3 жасында хат танытқан.
Ерте жастан ғылымға бет бұрған баладан мықты маман шығары сөзсіз. Сонымен қатар әлемдік тәжірибеге қарап білім алудың ерте не кеші жоқ екенін аңғаруға болады. Бұл ретте 83 жылдан кейін қол жеткен арманды айтуға болады. Америкалық Вирджиния Хислоп 1936 жылы Стэнфорд университетінде оқыған. Бакалавр дәрежесінен кейін ол магистратураға түскен. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жұбайы әскери қызметке шақырылып, Вирджиния оқуын тоқтатуға мәжбүр болды. Кейін білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Ал биыл жасы 105-ке келгенде Вирджиния Хислоп зерттеуін қорғап, Стэнфорд университетінің магистр дәрежесін алды. Бұл оқиға табандылық пен мақсатқа деген адалдықтың нәтижесінде кез келген арманның орындалатынын көрсетеді.
Айта кетейік, жуырда ақпараттық агенттіктер Бристоль университетінің құрметті докторы атағын алған 98 жастағы ғалым Розмари Фаулер жайлы жазды. Ол 1948 жылы Сесил Пауэллдің басшылығымен Бристоль университетінде каон бөлшектерін ашып, 1950 жылы физика бойынша Нобель сыйлығын алуға үлес қосқан. Алайда еңбек жолындағы докторлық диссертациясы аяқсыз қалған. Ол 1949 жылы физик Питер Фаулерге тұрмысқа шыққан. Араға жылдар салып Розмари Фаулерге доктор атағы берілді.
Білім − алға ұмтылуға, арман-мақсаттарға жетуге жол ашады. Ол − адам өмірінің шамшырағы. Ал сіз тоқтап қалған жоқсыз ба?
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!