Нан – адамның күнделікті рационындағы негізгі азық-түліктердің бірі. 16 қазан – Дүниежүзілік нан күні ретінде бекітілген. Яғни нанға құрмет көрсету мен оның адамзат өміріндегі рөлін насихаттау күні. Бұл күннің таңдалу себебі – 1945 жылы 16 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) құрылды. Дәл осы күні көптеген елде астық, нан өндірісі мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері хақында жиындар, іс-шаралар мен кештер ұйымдастырылады.
Сәйкесінше 2019 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Мерекелік күндер тізбесіне толықтыру енгізу» туралы қаулы қабылдады. Қазақстанда нан күні мерекелік күндер тізбесіне 16 қазан болып бекітілгенімен, мемлекеттік демалыс күні емес – яғни жұмыс күндері сақталады.
«Нан күні» мерекесі ауыл шаруашылығы саласының, астық өндірушілер мен нан, ұн өнімдерін дайындайтын кәсіпорындардың еңбегін бағалау, халыққа астық пен нанның маңызын насихаттау үшін белгіленген.
Дүниежүзінде әрбір ел нан күнін өз мәдениеті мен мүмкіндігіне сай атап өтеді. Мәселен Францияда, нақтырақ айтқанда Париждегі Le Boulanger de la Tour наубайханасында 16 қазан күні арнайы дәндерден дайындалған «сармент багет» секілді эксклюзивті нан түрлерін шығарады. Бұл нанның қамыры 24 сағат бойы ферментацияланады.
Француздар үшін нан өнімдері мен багеттің мәдени маңызы өте жоғары. Мәселен 2022 жылы багет UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді.
Ал Германияда орталық наубайшы кәсіподақтары бұл күні нан мен нан өнімдерінің маңызын насихаттайды. Көптеген наубайханада тұтынушыларға дәм сынау (дегустация) және фермерлер, наубайшылар арасында мастер-класс ұйымдастырылады. Германияда нан түрлерінің саны өте көп – елдегі нан өнімдерінің қатары ерекше бай.
Италияда нан күніне орай ұн зауыттары мен ұн өндірушілер одағы ұлттық маңызы бар іс-шаралар өткізеді. Бұл елде шамамен 250 түрлі нан бар және олардың арасында қорғауға алу көрсеткіші белгіленген бірнеше нан түрі бар.
Араб елдерінде бұл күні Arab Bread Day деген атпен салтанатты шара атап өтіледі. «Араб нан күні» алғаш рет 1984 жылы Иорданияда Араб халықаралық астық өнеркәсібі конференциясы аясында басталған. Бұл шара астық өндірісі, нан сапасы және азық-түлік қауіпсіздігі тақырыптарын талқылауға арналған.
Ал Румынияда 16 қазан күні Азық-түлік саласының мамандары қауымдастығының ұлттық күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні нанның тарихи, мәдени және әлеуметтік мәнін түсіндіру мақсатында іс-шаралар өткізіледі.
Жалпы әлемде бұл күні қайырымдылық шаралары – азық-түлігі жеткіліксіз отбасыларға немесе кедей аудандарға тегін нан тарату және мастер-кластар, наубайшылар арасындағы түрлі байқаулар, дәм тату шаралары ұйымдастырылады. Медиа кеңістіктер мен әлеуметтік желілерде «менің сүйікті наным» тақырыбында акциялар өтіп, адамдар өз нан рецептілерімен бөліседі.
Нан өнімдері жөнінде қызықты фактілерге көз жүгіртейік. Нан дайындау – мыңдаған жылдық дәстүр болып саналады екен. Ең алғашқы ашытылған нан б.з.б. шамамен 1500–2000 жылдарда Египетте пайда болған деседі. Нан әлемдегі азық-түлік жүйесінің маңызды бөлігі: астық және нан өнімдері калориялардың шамамен 20% мөлшерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көптеген тілде «нан» сөзі тек нанды ғана емес, «тамақ», «тағам», «азық» ұғымдарын білдірген. Заманауи наубайханалар денсаулыққа пайдалы нан түрлерін, яғни атап айтқанда тұтас дәннен, ашытқысыз және глютенсіз нандарды көптеп жасап шығаруда. Ғылыми тұрғыда, нан өндірісінің экологиялық өндіру тәсілдерін, денсаулыққа пайдалы құрамын насихаттау, инновациялық әдеттерін көрсету бағыттары көбейіп келеді.
16 қазан – Дүниежүзілік нан күні – бұл тағам мерекесі ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі, мәдениет, еңбек және қайырымдылық тақырыбына терең үңілетін күн. Әр ел, әр қаланың наубайшысы мен тұрғыны бұл күнді өз салт-дәстүріне сай атап өтеді.
Қазақ қоғамында да бұл күн – нанды құрметтеу, дәстүрлі нан түрлерін жаңғырту, ауылдық наубайханаларды қолдау күні бола алады. Қаламызда немесе ауылда осындай іс-шаралар ұйымдастырып, балаларға нан пісіру шеберлігін көрсетіп, сондай-ақ қайырымдылықпен айналысу артық емес… Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
А.Маратқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!