Қазақ үшін жылқы тек көліктің ғана қызметін атқаратын жануар емес. Ол – рух. Тұлпардың тұяғы тимеген топырақ жоқ, жалына жармаспаған жұрт болмаған. Бірақ бүгінгі қоғамда сол тұлпармен сырласатындардың саны азайғандай. Қамшыға көнсе – көнеді, көнбесе – көкпар деп қарайтын көзқарас әлі де үстем. Бірақ Іңкәрдің жолы бұл қағиданы қопарып, адам мен жылқының арасын жандандыра түсті.
Ол – TikTok желісінде танылған жас атбегі. Жоқ, «атбегі» деген құр атақ емес. Оның қолында тұлпар жуасып, жануар тілге келіп, үркек мінезі үйреншікті сабырға айналады.
Кейіпкеріміздің атыжөні – Іңкәр Жұмабек, жасы небәрі 17-де. Жастайынан жылқылардың ортасында өскен. Әкесі – бәйгеге қосылатын тұлпарларды баптайтын танымал атбегі. Іңкәр бала кезінде атқа сырттай ғана сүйсінгенімен, өсе келе қызығушылығы оянған. Жылқыға деген шынайы махаббаты кенеттен пайда болмағанын өзі де мойындайды.

– Бұл сезім – бір күндік құбылыс емес, өсе келе тереңдеген дүние. Бірақ ерекше бір сәт бар – ол әкемнің маған алғаш тұлпар сыйлаған кезі. Сол жануарға жауапкершілік алған күнімнен бастап, жылқы баптаудың мәнін ұға бастадым, – дейді Іңкәр.
Жылқы – дала философиясының көшпелі символы. Бірақ бүгінгі қоғамда оған деген көзқарас әлі де тар шеңберде қалып тұр. Көпшілік үшін ол – бәйгеге түсетін, табыс түсіретін ғана жануар. Ал Іңкәр үшін ол – жеке болмыс. Оның айтуынша, жылқы сезеді, ұғынады, тіпті түсінеді. Сондықтан оны түсіну үшін алдымен өз ішіңе үңілуің керек.
– Атпен сөйлесу – мен үшін жан тыныштығы. Бұл – кәдімгі терапия. Қаланың шулы тіршілігінен алыстап, табиғи ырғақпен үндесу, – дейді ол қызығушылығынан қуат алғандай.
Іңкәр ат спортына алғаш Шымкентте жүргенде келді. Ол кезде бұл қызығушылықтың уақытша боларын көбі айтқан. Тіпті өзі де сенбеген екен. Бірақ 2020 жылы елді тұтастай тығырыққа тіреген пандемия оның өмір бағытын анықтап бергендей болды. Әкесі сол жылы оған алғаш жеке тұлпар сатып әперді. Сол сәттен бастап, Іңкәр бұл жолдың жеңіл еместігін түсінсе де, одан қайтпауды жөн көрді.
– Күмән, әрине, болды. Себебі бұл спорт – өте қымбат сала. Жетістікке жету үшін тек жігер емес, қаражат та, уақыт та қажет. Бірақ өз қолымда 4-5 ат болған кезде, мен бұған өмірімнің үлкен бір бөлігі ретінде қарай бастадым, – дейді ол.

Бүгінде Іңкәр бәйгедегі бас жүлде үшін емес, жылқының жайлы өмірі үшін жұмыс істейді. Оның қолында асау да жуасып, үркек те еркін жүреді. Ол жылқыларды физикалық қысымсыз тәрбиелеуді жөн көреді. Қамшының көлеңкесінен емес, қамқорлық пен жылудан нәтиже шығады деп сенеді. Алайда Қазақстанда мұндай көзқарасты қабылдайтындар көп емес.
– Біздің елде қамшымен үйрету қалыпты саналады. Бұл – атам заманнан келе жатқан тәсіл. Үлкен буын өкілдеріне бұл туралы айту оңай емес. Сол себепті менің мақсатым – енді келе жатқан жастардың санасына жаңа көзқарас сіңіру, – дейді Іңкәр.
Жылқыны күштеп емес, жүрекпен үйретуге болатынын дәлелдеген Іңкәр өз әдісімен алғаш рет өз атына үйреткенде, бұл жетістік оған үлкен сенім берген.
– Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Мен өз күшіме сендім. Өз атымды өзім үйрету – үлкен рухани серпіліс болды, – дейді кейіпкеріміз.
Жылқыны тәрбиелеу – бір бөлек, ал оны жұртқа түсіндіру – мүлде басқа бағыт. Іңкәр «Instagram» желісінде блог жүргізуді бастап, кейін «TikTok»- та танымалдыққа ие болды. Оның бейнероликтері көптің көкейінде жүрген, бірақ дауыстап айта алмаған шындықты жеткізеді. Бүгінде ол жылқыны күшпен емес, махаббатпен үйретуді насихаттайды. Оның роликтері арқылы жасөспірімдер жаңа көзқараспен танысып жатыр.
Ал үйретілген аттарды сату – тағы бір сын. Іңкәр үшін бұл жай сауда емес, аманатқа қиянат жасамау. Ол тек сенімді, қамқор иелерге ғана аттарын табыстайды. Себебі бұл – ақша емес, адамдықтың өлшемі.

– Мен үшін ең маңыздысы – жылқының кейінгі өмірінде алаңсыз жүруі. Қоштасу ауыр, бірақ оларды жақсы қолға тапсыратынымды білсем, жүрегім тынышталады.
Іңкәрдің жылқыдан үйренгені көп. Ол – сабыр, жауапкершілік, көшбасшылық әрі ішкі тыныштық.
– Жылқы – менің ұстазым. Ол маған сөзбен емес, мінезімен үйретті. Ең алдымен өзімді тәрбиелеп барып, оны үйрете алатынымды түсіндім, – дейді ол.
Қорытындылай келе, Іңкәрдің жолы – қамшымен емес, қамқорлықпен тәрбиелеудің үлгісі. Ол – тұлпардың жалына емес, жан дүниесіне үңілген жан. Оның мақсаты – қазақ даласында тұлпар мен адам арасындағы рухани байланысты қайта жаңғырту. Себебі аттың да жаны бар. Оған тек тыңдай білетін адам керек.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!