Аз күннен кейін ескі жылды қимастықпен шығарып салып, жаңа жылды үлкен үмітпен қарсы алғалы отырмыз. Желтоқсанның соңғы күндері – әрбір адам өткен жыл үшін өзіне есеп беріп, алдағы жылға жоспар құратын кезең.

2026 жыл – шығыс күнтізбесі бойынша жылқы жылы саналады. Жылқы – қазақтың тұрмысымен, тағдырымен, мінезімен біте қайнасқан қасиетті жануар. Сондықтан жылқы жылы халық сенімінде қозғалыспен, жаңарумен, жаңғырумен астасып жатады.

Жылқы жылы халық арасында көбіне жұтсыз, берекелі, тіршілікке жайлы жыл ретінде бағаланған. Қазақ шежіресінде, ауыз әдебиетінде жылқы жылына қатысты жағымсыз сипаттама сирек кездеседі. Бұл жыл көбіне ел еңсесін тіктеп, адымдап алға жылжитын, үлкен өзгерістерге дайындалатын кезең ретінде қабылданып келеді.

Халқымыз жылқы жануарын ежелден-ақ жеті қазынаның бірі деп таниды. Көшпелі өмір салтында «мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – сусын, терісі – киім» болған жылқы жануарынсыз тіршілік ету мүмкін емес еді. «Ер қанаты – ат» деген сөздің өзі ел өмірінде бұл жануардың ерекше орын алатынының айқын дәлелі.

Қазақтың он екі жылдық мүшел есебі – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділіктің көрінісі іспетті. Келіп жеткен әрбір жылды сол жылдың иесі саналатын жануардың қасиетімен сипаттап, баға береміз. Сондай-ақ аталған жануардың қасиеті мен мінезі адамдардың өміріне, қоғамға әсер етеді деп сенетініміз де бар. Бұл жыл санау жүйесі ғасырлар бойы қалыптасқан халық тәжірибесінің нәтижесі. Осыған сәйкес, жылқы жылының басты ерекшелігі – табиғи тепе-теңдік. Бұл жылда арманға ұмтылыс пен сабыр, еркіндік пен жауапкершілік қатар жүруі тиіс.

Қазақ эпостарында, батырлық жырларда жылқы бейнесі батырдан, яки басты қаһарманнан кем суреттелген емес. Хас тұлпар батырдың мінезін, тағдырын толықтырып тұрады. Бұл – жылқы мен адам арасында ерекше байланыс бар екенін бейнелейтін аңыздар. Қазақ «жылқы мінезді» деп сабырлы, кеңпейіл, сезімтал, еркін ойлайтын, бірақ қажет кезде қайсарлық таныта алатын адамды сипаттайды. Жылқының тазалықты сүйетін, еркіндікті қалайтын болмысы қазақтың ұлттық мінезімен үндесіп жататыны да сондықтан.

Жылқы жылы туған тұлғалар

Жылқы жылы қазақ тарихына ел жадында сақталған, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген көптеген ірі тұлға сыйлады. Олардың өмір жолына үңілгенде, сан түрлі тағдырды тоғыстырған ортақ қасиеттер айқын аңғарылады. Ол – батылдық пен табандылық, маңдай термен еңбек ету, елге адал қызмет ету, қандай қиындық болса да мойымай, рухын биік ұстау. Жылқы мінезді қайраткерлерге тән осы сипаттар олардың өмірлік ұстанымына айналды.

Қазақ тарихында Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың ерлігі, Ер Жәнібек пен батыр Баянның қайтпас қайсарлығы, Жамбыл Жабаевтың ғасырларға жеткен жыр қуаты, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды арыстардың ұлт үшін жанын пида еткен күрескерлік болмысы – барлығы да жылқы жылына тән мінездің көрінісі. Сол сияқты Жанқожа мен Наурызбай батырлардың ерлік жолы, Біржан салдың өнері, Шәкәрім қажы мен Мәшһүр Жүсіптің терең ойы мен рухани мұрасы, Ахмет Жұбанов пен Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыкасын жаңа белеске көтерген еңбегі, Мұстафа Өзтүріктің қайсарлығы, Мұхтар Шахановтың азаматтық үні – ұлт рухының асқақ үлгілері іспетті. Тұрар Рысқұлов пен Қасым Қайсенов, дүлдүл күйші Төлеген Момбеков, қарымды қаламгерлер Тәкен Әлімқұлов, Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан, Ақселеу Сейдімбек, Ұлықбек Есдәулет те жылқы жылында дүние есігін ашқан.

Бұл тұлғалардың өмірінде күрес те, тар жол, тайғақ кешу де аз болған жоқ. Кейбірі зұлмат заманның қыспағын көрді, кейбірі әділетсіздікке ұшырады, кейбірі өз дәуірінен озып туғаны үшін қудаланды. Алайда олар ешқашан рухынан тайған емес, өз ұстанымынан бас тартпаған. Ұлтқа төнген қатер олардың болмысын шыңдап, тұлғасын биіктете түсті. Бұл да жылқы жылының табиғатына тән қасиет. Өйткені жылқы қандай ауыр жол болса да алға ұмтылатын, еркіндік сүйгіш жануар.

Байқағанымыздай, жылқы жылы туған тұлғалардың тағдыры – жеке өзінің ғана емес, тұтас ұлттың тағдыр айнасына айналды.

Жылқы жылындағы тарихи оқиғалар

Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, жылқы жылдары көбіне ел өміріндегі шешуші кезеңдермен, тағдырлы бетбұрыстармен тұспа-тұс келіп отырғанын байқаймыз. Мұндай жылдарда мемлекет дамуының бағытын айқындаған, қоғам санасына әсер еткен маңызды шешімдер қабылданып, тарихи үдерістер жеделдей түскен. Бұл құбылыс жылқы жылының қозғалыс пен серпіліске бейім табиғатымен де үндеседі.

1930 жыл ел тарихындағы ең ауыр әрі қасіретті кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Ұжымдастыру науқаны басталып, қазақ халқы бұрын-соңды болмаған әлеуметтік әрі демографиялық сыннан өтті. Дәстүрлі шаруашылық күйреп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түбегейлі өзгерді. Бұл жыл ұлт жадында ауыр сабақ ретінде сақталды.

1942 жыл – екінші дүниежүзілік соғыстың тағдыры таразыға түскен шешуші кезеңі. Осы уақытта қазақ жауынгерлері майдан даласында асқан ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Ел ішіндегі еңбек пен тылдағы жанқиярлық та жеңіске қосылған үлкен үлес болды. Бұл жыл халықтың бірлігі мен рухының сыналған кезеңі еді.

1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру басталып, ел экономикасында жаңа бағыт қалыптасты. Ауыл шаруашылығы кеңейіп, Қазақстан бүкілодақтық деңгейдегі астықты өңірге айналды. Бұл бастама бір жағынан даму әкелсе, екінші жағынан әлеуметтік және экологиялық салдарымен де тарихта қалды.

1966 жыл да КСРО тарихындағы ерекше оқиғалармен есте қалды. Сол жылы одақтық 8-ші бесжылдық бағдарлама іске қосылды. Бесжылдықтың мақсаты – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту, экономиканы тұрақты өсімге жетелеу болды. Аталған кезеңде колхоздарда еңбекақыны тарифке сай есептеп, ақшалай төлеу тәртібі енгізілді. Бұл жаңалық еңбек өнімділігін арттыруға және жұмысшылардың еңбегін әділ бағалауға үлкен серпін берді. Елдің әр өңірінде жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығында өнім көлемі артты.

1978 жылы Қазақ КСР Конституциясының қабылдануы республика өміріндегі саяси-құқықтық маңызы зор оқиға болды. Бұл құжат сол кезеңдегі қоғамдық қатынастарды реттеп, мемлекеттік басқару жүйесін айқындады.

Ал 1990 жылы жарияланған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы әрі батыл қадамына айналды.

2002 жылы Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы ұлт бірлігі мен рухани тұтастықты нығайтқан маңызды тарихи оқиға болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қандастардың бас қосуы қазақ халқының рухани жаңғыруына серпін берді.

2014 жылы Мемлекет басшысы елімізді «Қазақ Елі» деп атауды ресми түрде ұсынды. Бұл бастама еліміздің ұлттық бірегейлігін, тәуелсіздік пен егемендік құндылықтарын айқындайтын маңызды қадам еді. Елдің дамуы мен ұлттық сананың өсуі – бұл тек сандық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар рухани жетістіктердің де айғағы.

Осы тарихи деректің барлығы жылқы жылының Қазақстан тарихындағы ірі қоғамдық-саяси процестермен тығыз байланысты екенін аңғартады. Бұл жылдар ел үшін жеңіл болмағанымен, халықты шыңдаған, болашаққа бағыт берген маңызды кезеңдер ретінде тарихта қалды.

Қызықты дерек

Жылқы – өзге жануарларға қарағанда ерекше қасиеттерге ие жаратылыс. Ғалымдар жылқы жануарын зерттей келе көптеген қызықты ақпаратты анықтаған. Мәселен, жылқының көру қабілеті адамға ұқсас, яғни олар түстерді ажырата алады. Дегенмен олар көк және қызыл түстерді дұрыс танымайды. Бұл олардың қоршаған ортаны қабылдау ерекшелігі.

Сонымен қатар жылқылардың иіс сезу қабілеті өте жоғары. Олар тік тұрып ұйықтап, кейбір ғалымдардың пікірінше, тіпті ұйқы кезінде адам секілді түс көреді. Жылқының артқы аяқтары өте мықты, сондықтан ол кез келген қауіпті жағдайда өзін қорғай алады. Сондықтан атқа артқы тұстан жақындау өте қауіпті. Ата-бабамыз «сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деуі тегін емес.

Тағы бір қызықты дерек, жылқыларды медицинада да пайдаланады. Олар мүгедектер мен зорлық көрген адамдардың реабилитациясына пайдасы мол. Сондай-ақ көзі көрмейтін жандарды жетегіне ертетін жылқы түрлері де бар, олар пони тұқымы секілді шағын келеді.

Дүниежүзіндегі ең қымбат жылқының бағасы 200 миллион долларды құрайды. Ол ең беделді жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Бұл жылқының есімі Френкель деп аталады.

Жылқы жылындағы жұлдыз-жорамал

Астрологтардың ақпаратына сүйенсек, 2026 жыл тыныш, бірақ маңызды өзгерістер жылы болмақ. Сондай-ақ өзіңізге, айналаңыздағы адамдарға және өмірге деген көзқарасыңыз жаңа деңгейге көтеріледі.

Тоқты. Тоқтылар үшін 2026 жыл жеке өсу мен ішкі күшті арттыру жылы. Бұл жыл сізге өзіңізді терең тануға, шекараларыңызды түсінуге және сабырлы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Наурыздан сәуірге дейін айналаңыздың назарын аударып, өзіңіздің қабілеттеріңізді көрсетуге қолайлы уақыт.

Торпақ. 2026 жыл ішкі зерттеуге арналған жыл. Ішкі зерттеу мен эмоцияны тану жылы. Өзіңізге және жақындарыңызға мейірімді болуды, жыл ортасына дейін эмоцияңызды ашық көрсетуге үйренесіз, әсіресе отбасы мен достармен қарым-қатынаста. Осы жылы жеке даму мен терең емделу кезеңі басталады, қорқыныштарды тастап, ішкі еркіндікке жетесіз.

Егіздер. 2026 жыл егіздер үшін өмірін ретке келтіру және жаңа мақсаттар қою жылы. Жыл басында жұмыста, мансапта және ұзақ мерзімді мақсаттарда күмән туындауы мүмкін. Көктем айларында бастап жеке өзгерістер кезеңі басталады: ескі рөлдер мен әдеттерден бас тарту, сыртқы бейнеңізді, қызығушылықтарыңызды жаңарту ниеті пайда болады.

Шаян. Жыл басы ойлану мен өзін-өзі бағалауға арналған. Өзіңізді тереңірек түсіну, өмірге кеңірек қарау, қажетті өзгерістер жасау мүмкіндігі туады. Жылдың екінші жартысында жақындарыңызға қамқорлық жасауға көңіл бөлесіз.

Арыстан. 2026 жыл арыстан үшін Батылдық пен трансформация жылы. Саяхат, оқу және дүниетанымдық дамулар басты рөлге шығады. Жыл бойы сенімділік пен оптимизмді арттырасыз, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Бикеш. 2026 жыл бикештер үшін әдеттегі тәртіптен шығуға және терең трансформацияға шақырады. Көптеген өзгеріс пен шынайы қарым-қатынастар жылы. Денсаулыққа, әдеттеріңізге және өмір салтыңызға назар аударасыз. Жыл соңына қарай достық және кәсіби байланыстар маңызды болады.

Таразы. 2026 жыл таразы үшін жеке өзгерістер мен гармония жылына айналады. Күнделікті өмірді реттеп, серіктестік қатынастарды күшейтесіз. Өзіңізді сақтап, айналаңызбен үйлесімді қарым-қатынас орнатасыз.

Сарышаян. 2026 жыл сарышаян үшін ішкі үйлесім мен жетілу кезеңі болмақ. Өз сезімдеріңізді, қажеттіліктеріңізді түсініп, өмірді қайта бағдарлайсыз. Өткен тәжірибеден сабақ алып, жаңа шешімдер қабылдайсыз.

Мерген. 2026 жыл мергендер үшін үй мен отбасы мәселелерімен басталады. Жеке жауапкершілікті арттырып, шығармашылыққа, хобби мен қызығушылыққа уақыт табасыз. Жаңа мүмкіндіктерді қабылдауға дайын болыңыз.

Тауешкі. 2026 жыл тауешкілер үшін ішкі ашықтық пен өзімен шынайы сөйлесуді қажет етеді. Ішкі тұрақтылық пен отбасылық мәселелерге көңіл бөлу маңызды. Өткен тәжірибені қайта қарап, жаңа көзқараспен өмірге қарайсыз. Жауапкершілікті өз мойныңызға ала білген абзал.

Суқұйғыш. 2026 жыл суқұйғыштар үшін қайта ойлану және жаңару жылы болады. Өз-өзіңізді қайта бағалап, жаңа әдеттер мен көзқарастарды енгізесіз. Өмірде өз орныңызды сенімді ұстайсыз.

Балықтар. 2026 жыл балықтар үшін ішкі сенімділік пен рухани өсу жылы. Өзіңізге шынайы болуды үйреніп, жаңа жауапкершілік қабылдайсыз. Артық күмәндер мен иллюзиялардан арылып, шынайы мақсаттарға бағытталасыз. Күз мезгілінде өзіңізді және өмір жолыңызды қайта қарауға мүмкіндік беріледі.

Жалпы астролог мамандардың айтуынша алдағы жылқы жылы – ішкі өсу, жауапкершілік, жаңа мүмкіндіктерге ашық болу және өмірді толыққанды сезіну жылы болмақ.

Жаңа жылдан не күтеміз?

Қазақ үшін жылқы – қасиетті жануар. Ежелден ат жалында өскен халық үшін жылқы тек көлік қана емес, тұтас мәдениет пен өмір салтының айнасы. Ботай мәдениетінен табылған дерек бойынша, жылқыны алғаш қолға үйреткендер – қазақ даласында өмір сүрген жұрт екенін дәлелдейді. Сондықтан жылқы жылы да ерекше құрметке ие. Бұл жылы адамдарға сабыр, қанағат және жаңа бастамаларға батылдық тән. Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, жылқы жылы елдік рухқа, қозғалысқа және өзгеріске толы кезең ретінде қарастырылады. Халық сенімінде бұл жылы ұрыс-керіс те, үлкен істер де қатар жүруі мүмкін. Мәселен тарихта Шыңғыс ханның Орта Азияға жорығы жылқы жылымен тұспа-тұс келгені айтылады.

Ең қызығы, ертеде ата-бабаларымыз маңызды істерді – алыс сапарға шығу, көш-қон жасау немесе сауда-саттыққа баруды – жылқы жылына жоспарлаған. Себебі бұл жыл береке мен несібе мол, еркіндік пен өр рухқа толы жыл деп қабылданған.

Жылқы жылы барша адамға бір ақиқатты еске салады: қозғалыс бар жерде ғана нәтиже бар. Бұл жылда тағдыр мүмкіндіктер ұсынады, бірақ оны пайдалану әр адамның өзіне байланысты. Жаңа жобалар бастауға, кәсіби бағытты өзгертуге, білім мен шығармашылықты дамытуға қолайлы кезең туады. Батылдық танытқан жан бұл жылда ұтылмайды.

Қорыта айтқанда, 2026 – жылқы жылы қазақ үшін ұлттық болмысты қайта тану, рухты жаңғырту кезеңі. Жылқы – өткен тарихтың ғана емес, бүгінгі өмір мен болашақтың да символы.

Жаңа жыл әр шаңыраққа береке, әр адамға серпіліс, елге тыныштық әкелсін. Жылқы жылы қозғалыстың, үміттің, жаңарудың жылы болғай!

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!