Адамзат тарихында азық-түлікті ұзақ уақытқа сақтап қалу – ең үлкен қиындық болатын. Әсіресе аптап ыстық пен шөлді аймақтарда бұл мәселе тіпті күрделі еді. Бүгінде бізге үйреншікті болып кеткен тоңазытқыштар XIX ғасырда ғана пайда болды. Ал оған дейін адамдар тағамды қалай сақтады?

Бұл сұрақтың жауабы біз ойлағаннан әлдеқайда қызық әрі таңғаларлық. Шамамен 2500 жыл бұрын парсы инженерлері шөл даланың ортасында электрсіз, жасанды сұйықтықсыз, тек табиғи заңдылықтарға сүйене отырып, мұз жасап әрі жыл бойы сақтап отырған. Бұл ғажайып құрылыс «яхчал» деп аталды.

Парсы тілінен аударғанда «яхчал» – «мұз шұңқыры» дегенді білдіреді. Бұл – жер асты бөлігі бар, жер үсті конус тәрізді, диаметрі мен биіктігі ондаған метрге жететін алып ғимарат. Көлемі кейде 5 мың текше метрге дейін барған. Жер асты бөлігі терең қазылып, айналасына баспалдақ жасалған. Екі метрден асатын қалың қабырғалары «сарудж» атты қоспадан дайындалды. Оның құрамында саз, құм, әк, жұмыртқа, ешкі жүні мен күл бар. Кепкен кезде бұл қоспа су өткізбейтін әрі жылуды сақтайтын берік материалға айналады. Қазіргі тілмен айтсақ, «био-термос».

Көне деректерге сүйенсек, күзде жыра немесе құбыр арқылы жертөлеге су толтырылып, қысқы суықта қатырылған. Ал жаз бойы тұрғындар сол мұзды пайдаланады. Кейбір жағдайларда мұз тіпті таудан әкелінген.

Яхчалдың жұмыс істеу принципі табиғи физикаға негізделген. Төменгі есіктен ішке кірген салқын ауа жертөлеге түсіп, ондағы мұздың әсерінен одан әрі суып кететін. Ал жылы ауа конустың төбесіндегі саңылаудан сыртқа шығып отырған. Бұл – желдету мен температураны төмендетудің ең қарапайым әрі тиімді жолы.

Кейбір яхчалдарда «бадгир» деп аталатын желқұбырлар орнатылған. Олар әлсіз самалды ұстап, ішке бағыттап, ғимараттың ішін қосымша салқындатқан. Шындығында, бұл – ежелгі кондиционердің бір түрі еді.

Күннің ыстығынан қорғау үшін кейде ғимараттың оңтүстігіне қалың қабырға тұрғызылған. Ол көлеңке беріп, судың тез қызуына жол бермейтін. Жылу алмасуды азайту үшін қабырғалары төменде қалың, жоғарыда жіңішкеріп орналастырылған. Конустың төбесінде ауа шығатын тесіктің қалдырылуы – инженерлік ойдың шыңы.

Қала тұрғындарына мұз жеткізуші арнайы адамдар болған. Олар жертөледегі баспалдақпен түсіп, мұзды үлкен құмыраларға бөліп алып, қалаға тасыған. Мұз тұрғындардың үйлеріне жеткізіліп, сусын салқындатуға, тағам сақтауға пайдаланылды. Тұрмыстағы «шағын мұз қоймалары » дәл осы мұзбен толтырылып отырған.

Парсылар тек тағам ғана емес, салқын тәттілер де жасаған. Солардың бірі – бүгінде танымал «фалуде» атты мұзды десерт. Мұз ерімей тұрмайды. Сондықтан парсы шеберлері арнайы жүйе ойлап тапты: еріген су жиналып, қайтадан мұздатылған. Бұл суды үнемдеудің және мұз қорын сақтаудың тиімді тәсілі болды.

Персия – күндіз +50-70 градусқа дейін қызатын аптапты шөл елі. Бірақ түнде температура нөлге дейін төмендейтін. Осы табиғи ерекшелікті шебер пайдаланған парсылар түнгі суықпен мұз қатырып, күндіз арнайы жүйемен сақтап отырған.

Яхчалдар тек Персияда ғана емес, көрші Ауғанстан мен Тәжікстан аумағында да кең тарады. Олар XX ғасырға дейін қолданылды. Бүгінде Иранның Керман провинциясында жақсы сақталған үлгілерін көруге болады. Тіпті қос қабатты ерекше яхчалдар да бар.

Қазір «яхчал» сөзі Иран, Ауғанстан және Тәжікстанда «тоңазытқыш» мағынасында қолданылады. Бұл – көне өнертабыстың халық жадынан өшпегенінің белгісі.

Көне парсылардың бұл өнертабысы – тек мұз сақтайтын қойма емес, мыңдаған жылға созылған инженерлік дәстүрдің куәсі. Табиғат заңдарын терең түсінген халық қарапайым құралдармен ғаламат ғимараттар тұрғызып, тіршілігін жеңілдеткен. Бүгінгі энергия үнемдеу мен экологиялық таза технологиялар дәуірінде яхчал тәжірибесі әлі де құнды.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!