Қазақ өнері тағы бір мәрте төрткүл дүниеге танылды. Алматы циркінің майталман әртістері Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов Миланда өткен әйгілі «Lo Show Dei Record» халықаралық шоуында әлем назарын өздеріне аударды. Олар адам сенгісіз трюкті небәрі 36,66 секунд ішінде орындап, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Бұл рекорд жай ғана сәттілік емес, тегеурінді еңбек пен темірдей тәртіптің жемісі. Қазақтың «СерБат» тобының өнері бұрыннан әлемдік аренада танымал. Десе де бұл жолғы жетістік отандық цирк өнеріндегі асқақ белес болды. Басқа бір адамның басына қолымен тік тұрып, тар сатымен жоғары көтеріліп, қайта түсу тек кәсіби акробаттардың ғана емес, рухы мықты, жүрегі батыр жандардың қолынан келер іс.
− Бұл естен кетпес сәт болды. Біз қойылымға ұзақ уақыт бойы тынбай дайындалдық. Ал көрермен қол шапалақтаған кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл қошемет біз үшін рекордтан да маңызды, – деді Батыр Жанұзақ.
Бұған дейін де өнер иелері әлемдік деңгейдегі «America’s Got Talent», «Britain’s Got Talent», «China’s Got Talent » сияқты шоуларда финалға шығып, көрерменді тәнті еткен. Ал осы жолы олар әлемнің ең үздік өнерпаздары бас қосқан додада топ жарып, еліміздің мерейін үстем етті. Топ мүшесі Марлен Маратов «Бұл жетістік – бүкіл командамыздың жеңісі» дейді.
− Біз үшін бұл жай ғана рекорд емес, бұл цирк өнеріне махаббатын, өмірін арнаған командамыздың еңбегіне берілген баға. Бізге сенген барлық жанкүйерге алғысымыз шексіз. Бұл трюкті жасау үшін 4 жыл тыңғылықты дайындалдым, − деді ол.
Ал Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов бұл оқиғаны еліміздің өнер тарихындағы маңызды кезең деп бағалайды.
− Біз өнерпаздарымызбен мақтанамыз. Бұл рекорд жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақ цирк өнерінің дамуына қосылған зор үлес. Енді Қазақстанда нағыз цирк шеберлері бар екенін бүкіл әлем біледі, – деді ол Алматыда өткен баспасөз конференциясында.
«СерБат» тобы болашақта тағы бірнеше рекорд жаңартуға дайындалып жатқанын жасырмады. Қазірдің өзінде оларда тіркелмеген төрт рекорд бар екен. Батыр мен Марлен бұл межелерді де еңсеруге дайын. Жуық арада олар Алматыда ерекше шоу ұйымдастырып, өздерінің жаңа бағдарламасын отандық көрерменге ұсынбақ.
Миландағы байқау жай ғана жарыс емес, әлемдік өнердің деңгейін көрсететін үлкен сахна. Онда кез келген нөмір шеберлік пен қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы тиіс. Бұл тұрғыда алматылық өнерпаздардың шеберлігі мен физикалық дайындығы халықаралық қазылар алқасын да тәнті етті.
Өнердің шыңы – жүрекпен жасалған еңбек. Ал сол еңбек әлемді мойындатқанда, бұл тек әртістердің ғана емес, күллі елдің қуанышы.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!