Қазір әлем елдерін бірінен кейін бірі 4 күндік жұмыс аптасына енгізудің пайдасы мен зиянын білу үшін түрлі зерттеулер жасап жатыр.

Мәселен, былтыр пандемия кезінде Жаңа Зеландия, Жапония, Испания, Ұлыбритания сынды елдерде экономикалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, 4 күндік жұмыс аптасының тиімділігіне көзі жетті. Сондай зерттеулердің бірін жүргізген – Microsoft компаниясының Жапониядағы филиалы. Компанияның баяндамасында филиал қызметкерлерінің бәрі 32 сағаттық жұмыс аптасына көшірілгені айтылған. Нәтижесінде, Қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға өсіп, компанияның жарық пен жылуға кететін қаржысы азайған көрінеді.

2018 жылы Жаңа Зеландия да сондай эксперимент жасап көрген. Екі айға созылған тәжірибеден еңбек өндірісі 20 пайызға артып, қызметкердің көңіл-күйі жақсарып, жұмысқа деген ниеті артқан. Ал осы мәселеге арнайы, ауқымды зерттеу жүргізген Autonomy британ орталығының Исландияда жасаған тәжірибесінің жақында қорытындысы шықты.

Экспериментке 2500 адам қатысқан (Исландияда жұмысқа қабілетті 250 мың адам бар, бұл соның 1 пайызы). Бұрын аптасына 40 сағат жұмыс істеген қызметкерлерге 35 сағатқа өткен кезде, қызметтік әлеуеті айтарлықтай өскенін көрсеткен. Қызметкерлердің жанұясы мен хоббиіне, демалысы мен ағайын-туыстарына көбірек уақыт бөлетін болды. Содан күйзеліс пен стресс те азайған.

«4 күндік жұмыс аптасы керемет нәтиже көрсетті. Жұмыскерге де, бизнеске де өте пайдалы. Тиімді. Өнеркәсіптік өндірістік қуаты айтарлықтай өсті», – делінген зерттеу баяндамасында.

Ал Autonomy орталығының директоры Уилл Стронждың айтуынша, зерттеу жоғары нәтиже көрсеткендіктен, Исландия үкіметі 4 күндік жұмыс аптасына жаппай енгізуі мүмкін

«Исландияның мемлекеттік секторы әлемде алғаш рет жаппай 4 күндік жұмыс аптасына өткен алғашқы ел болмақ», – дейді Стронж.

АлҚазақстанда әзірше 4 күндік жұмыс аптасын енгізу жайлы сөз жоқ. Бірақ ҚР Еңбек кодексінде 4 күндік жұмыс аптасына шектеу, тыйым жоқ. Істеуге болады. Бірақ жұмыс берушімен келісіп, бәрі келісімшартта бекітілуі тиіс. Яғни, қандай жұмыс аптасы боларын – жұмыс берушінің өзі шешеді.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан үкіметі төрт күндік жұмыс аптасын мақұлдауы үшін терең зерттеу жасалуы керек. Сонда ғана 32 сағаттық жұмыс аптасының «еңбек өндірісіне зияны бар-жоғын, кәсіпорынның шығыны көбейер-көбеймесін, компанияның табысы азая ма әлде жоқ па» – осының бәріне жауап табылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!