Көңілді жадыратып көктем де жетті. Наурыз айы жаныңа шуақ сыйлар ерекше мерекелерден бастау алады. Әсіресе нәзік жандар көктем шығысымен қауыз жарған бәйшешектей құлпыра түседі. Өйткені 8 наурызда сый-құрмет әйелдер қауымына арналады.

Мереке жақындаған сайын анамызға, бауырларымызға, құрбыларымызға не сыйларымызды ойлана бастаймыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғандай сыйлық сыйлау сүннет болып саналады. Ізгі ниетпен берілген сый адамдар арасындағы сыйластықты арттыра түседі.

Бүгінде ел дамыған сайын сыйлық сыйлау мәдениеті қалыптасып келеді. Сапасына сәйкес бағасы қойылған сан түрлі сыйлық дүкен сөрелерінде толып тұр. Дегенмен нәзік жандар шын мәнінде нені қалайды?

Бұл сауалдың жауабын білмек үшін әлеуметтік желіде сауалнама ұйымдастырдық. Байқасақ, жасы үлкен аналарымыздан гөрі бұл сауалға жастар көбірек жауап жазыпты. Бойжеткендердің көбі жақындарынан гүл мен ашық хат алуды қалайды екен. Арасында сұлулық салоны не финтес, киім, бояну құралдары дүкендеріне сертификатты таңдағандары да бар. Ал тұрмыстағы келіншектер зергерлік бұйым, бағалы сыйлық немесе қаржылай бергені дұрыс деген нұсқаны таңдапты. Демек тұрмыстық жағдайға сәйкес талғам да өзгере түседі.

Қызылды-жасыл гүлдер мерекенің атмосферасын бірден сезіндіретіні анық. Сондықтан болса керек қыздар «не сыйланса да қасында гүл болса» деген ойын жеткізіпті. Демек гүл мерекенің басты символы десек болады. Әсіресе, қызғалдақ. Елімізде осынау нәзік гүлдің 30-дан астам түрі кездеседі. Зерттеулерге қарасақ, қызғалдақтың отаны Азия, Қазақстан болып саналады. Бірақ алғаш рет Голландияда өсірілген. Осылайша Еуропаға кең таралып, танымал болып кеткен.

Қазір әдемі гүл шоғының бағасы да арзан емес. Сондықтан болса керек тұрмыстағы нәзік жандар отағасының қаржыны гүлге емес, ұзақ пайдаланылатын, бағалы бұйымға жұмсағанын қалайды. Ал гүлден бөлек не сыйлауға болады?

8 наурызда ең алғаш құттықтау керек адам – анамыз. Сондықтан түнгі 12-ден кейін құттықтасаңыз да болады. Анаңызды қалай жақсы көретініңізді айтып, алғыс білдіріңіз. Ал айта алмасаңыз, ашық хатқа жазыңыз. Әрине, алдымен гүл алғаныңыз дұрыс. Бөлме гүлін таңдауға да болады. Одан бөлек, анаңызды қуантатын сыйлық сатып алыңыз. Зергерлік бұйым, киім-кешек, не өзіне қажет тұрмыстық техника, шипажайға жолдама сыйласаңыз болады.

Бұл мерекеде әпке, қарындастарымызды да ұмытпаған дұрыс. Бірге өскен бауырларымызға әшекей, киім, кітапша, тұрмыстық бұйымнан бөлек тәттілерден құралған жинақ, шай, кофе, телефон қаптағыш сыйлай аласыз.

Осы мерекенің аясында ер азаматтар өзі ұнататын бойжеткенді де қуантуға асығады. Алыста болсаңыз да, елеусіз қалдырмағаныңыз жөн. Гүлмен бірге әшекей бұйым, косметикалық жинақ, өзі оқығысы келетін кітап сыйлауға болады. Ал ерекшелік болсын десеңіз аты жазылған алқаға тапсырыс бере аласыз. Негізі бойжеткеннің сөздеріне зер салсаңыз өзі не алғысы келетінін алдын ала айтуы да мүмкін.

Мерекеде әріптестердің де орны бөлек. Сыйлық сыйлау арқылы сыйластықты білдіресіз. Гүл мен шоколад, сертификат немесе әдемі ыдыс-аяқ, кітап сыйлауға болады. Ұжыммен бірге киноға, боулингке, концертке, театрға т.б орындарға бару да жақсы идея.

Шаңырақ көтерген азаматтар өмірлік серігіне сыйлықты ертерек таңдағаны дұрысырақ. Балаларыңыздың анасына гүлмен бірге өзі ұнататын затты алуға болады. Көбіне келіншектері не қажет екенін алдын ала айтуы мүмкін.

Айта кетерлігі, 8 наурыз да – күнтізбедегі жай күн. Бұл күнді ерекше ететін біздің жақындарымызға деген ниетіміз бен көңіліміз, құттықтаулар мен тілектер. Сыйлықта тұрған ештеңе жоқ. Себебі әрбір арайлап атқан күн мен нығметтердің бәрі бізге деген Жаратқанның сыйы.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!