WhatsApp желісі арқылы таралған мына хабарламаны сіз де оқыған боларсыз:
«Ресей әлемде бірінші болып Ковид-19 мәйітіне аутопсия (аутопсия) жүргізді. Мұқият зерттеуден кейін ол Covid-19 вирус ретінде жоқ екенін, оның радиацияға ұшыраған және қанның ұюынан адам өліміне алып келетін бактерия екенін анықтады».
Вирустың өзі күніне мың құбылып тұрғанда, сағат сайын жаңаратын ақпаратты тұрғындар бір-біріне таратып, кәдімгідей сене бастаған. Әсіресе хабарлама соңындағы «Ақпарат көзі: Ресей Денсаулық сақтау министрлігі» деген жазуды оқығанда COVID жайлы екіойлы болып қалғанымыз бар. Бірақ…
Ақпараттың анық-қанығын білу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтына үңілдік. «ДДҰ коронавирустың (2019-nCoV) таралуына байланысты түсіндірме жұмыстары: мифтер мен қате түсініктер» атты мақаласында келесідей түсініктеме беріліпті:
ФАКТ: COVID-19-ды вирус тудырады. Бактерия емес
«COVID-19 қоздырғышы ‒ коронавирус тұқымдасының вирусы. Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді.
COVID-19 инфекциясын жұқтырған кейбір науқастарда қатар жүретін бактериялық инфекция асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда дәрігерлер антибиотиктерді тағайындай алады.
Қазіргі уақытта COVID-19-ды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тіркелген жоқ». Бұл ‒ коронавирустың бактерия емесін нақтылайтын бірінші дәлел.
Енді хабарламадағы мына жолдарға көз салайық:
«Бұл ақпаратты отбасыңызбен, көршілеріңізбен, таныстарыңызбен, достарыңызбен, әріптестеріңізбен бөлісіңіз, олар Ковид-19 қорқынышынан арылсын және бұл вирус емес, тек 5G сәулеленуіне ұшыраған бактерия екенін түсінсін. Иммунитеті өте төмен адамдар ғана сақ болсын. Жәбірленушілерге Аспирин 100 мг және Апроник немесе Парацетамол 650 мг қабылдауы керек».
Жоғарыда вирусты емдеуде антибиотиктердің әсер етпейтіні және COVID-19-ды емдеуге арналған дәрі-дәрмектің әлі де тіркелмегені айтылды. Ал 5G сәулелену жайлы ДДҰ келесідей уәж айтады:
ФАКТ: 5G ұялы байланыс желілері COVID-19-ды таратпайды
«Вирустар радио немесе жылжымалы толқындармен тасымалданбайды. COVID-19 эпидемиясы 5G желілері орналастырылмаған көптеген елде таралуда. COVID-19 ауа-тамшы жолымен беріледі, яғни науқастың тыныс алу жолынан шыққан тамшылар сау адамның тыныс алу жолына түскенде, мысалы, жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде жұғады».
Интернет желісі арқылы таралған осы хабарламаның жалған ақпарат екенін Reuters ақпараттық агенттігінің зерттеуінен де көруге болады. («Fact Check-COVID-19 does exist and autopsies in Russia did not show otherwise» мақаласы, 15 сәуір, 2021 жыл). Енді соған назар салсақ:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы СOVID-19 мәйіттеріне зерттеу жасауға 2020 жылдың қыркүйегінен бастап рұқсат берді. Ресейде ковид мәйіттеріне талдау жасайтыны рас, бірақ Ресей әлемдегі аутопсия жасаған жалғыз мемлекет емес (бұл мемлекеттердің қатарында АҚШ, Германия, Италия, Ұлыбритания бар).
Сондай-ақ Ресей денсаулық сақтау министрлігінің сайтында СOVID SARS-Cov-2 вирусымен шақырылатыны көрсетілген. Бұл «қоздырушысы вирус емес» деген ақпаратқа айқын дәлел. Ал қанның тромбқа айналуы – СOVID-19-дың көп белгісінің бірі ғана.
Сонымен қатар хабарламада аспирин және парацетамол дәрілерінің дозасы өте үлкен тәуліктік дозада көрсетілген. Бұл өз кезегінде бауыр ауруларына алып келуі мүмкін.
Жан сақтау бөлімдері қажет болмады деген де жалған ақпарат. (Бұған дәлел ретінде Reuters сайтында жан сақтау бөлімінен суреттер көрсетілген.) Сонымен қатар коронавирус 5G жоқ елдерде де таралған, мұның өзі хабарламаның растығын жоққа шығарады. Ал антибиотиктер тек бактериалды инфекция асқынған кезде ғана қолданылады. Қалған кездерде ондай көрсеткіш тіркелмеген.
P.S. Желі арқылы әлемнің түпкір-түпкіріне таралған хабарламаның жалған екенін мамандар осылай дәлелдеген. Бұл бір ғана мысал. Соған қарағанда пандемия кезінде тек вирустан ғана емес, жалған ақпараттан да сақтанған жөн. Желідегі жазбаны таратпас бұрын рас-өтірігін тексеру ешқашан артық етпейді…
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!