Кітап – адамзат өркениетінің мәңгілік серігі, рухани бағдар беруші. Кітап оқу – заман өзгерсе де өз маңызын жоғалтпаған пайдалы әдеттердің бірі. Ғылым мен технология қанша дамыса да, адам баласы кітапханаға барып, қағаз иісін сезініп, тыныштықта ой түюді әлі де жақсы көреді. Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білім алатын, пікір алмасатын, тіпті демалатын көпфункциялы кеңістікке айналды.

Ал әлемнің кейбір елдерінде кітапханалар кәдімгі қалыптан шығып, тосын, өзгеше сипатқа ие болуда. Осындай таңғаларлық алты кітапханамен таныс болайық.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Піл үстіндегі көшпелі кітапхана

Тайландта білімге деген шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі болған «Пілдер жеткізетін кітаптар» атты жоба жүзеге асып келеді. Бұл жоба елдің ең шалғай, жету қиын ауылдарына, тіпті жаңбырлы маусымда да кітап жеткізуді мақсат етеді. Бағдарламаның басты «қызметкерлері» – пілдер.

Пілдердің арқасына арнайы қондырғылар бекітіліп, оған кітап салынған жәшіктер тиеледі. Осылайша шалғай елді мекен тұрғындары сүйікті шығармаларын оқу мүмкіндігіне ие болады. Айта кетерлігі, бұл жоба аясында пілдер тек кітаптар ғана емес, бейнеқұралдар, байланыс құрылғылары мен спутниктік антенналарды да жеткізуді қамтиды.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Кітап тарататын танк

Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласының көшелерінде жүретін ерекше пішіндегі «танк» жайлы білесіз бе? Жылжымалы кітапхананы суретші Рауль Лемесоффос ойлап тапқан. Ол ескі «Ford Falcon» көлігін мобильді кітапханаға айналдырып, танк пішінінде безендірген.

Автор бұл жобасын «жаппай ағарту майданы» деп атайды. Себебі бір мезетте ондаған, тіпті жүздеген адам кітап оқуға қызығушылық танытады екен. Барлық кітап тегін таратылады, тек бір ғана шарт – оқып болған соң, кітапты келесі бір адамға табыстау қажет.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Библиобуррос

Венесуэлада «Библиобуррос» деп аталатын ерекше бастама жолға қойылған. Мұнда кітаптар таулы, жетуі қиын аймақтарға есектер мен қашырлар арқылы жеткізіледі.

Еріктілер қашырға мініп, бірнеше сағатта асу-асуды артта қалдырып, шалғай елді мекендерге жетеді. Сонан соң сол жерде балаларға кітаптарды тегін таратады. Жобаның келесі кезеңінде интернетке қосылуға арналған модемдерді де жеткізу жоспарланған көрінеді.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Левински атындағы кітапхана

Израильдің Тель-Авив қаласындағы орталық автобекетке жақын маңда орналасқан бұл кітапхана – әлеуметтік мәні зор мәдени нысан. Бұл аймақта негізінен босқындар мен еңбек мигранттары орналасқан.

Кітапхана қабырға бойына орнатылған сөрелерден тұрады және 15 тілде жазылған 3 500-ге жуық кітап қоры бар. Ең ерекше тұсы – мұндағы кітаптар жанрға емес, оқырманға сыйлайтын эмоциялық әсеріне қарай орналастырылған. Яғни оқырман кітапты тақырып бойынша емес,көңіл күйіне сай таңдай алады.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Тәулік бойы қызмет ететін автомат-кітапхана

Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана бүгінде таңсық емес. Алайда заманауи технология кітапхана саласына да жаңашылдық алып келді. Кейбір елдерде кітапханашының орнын арнайы автоматтар алмастырған. Мұндай жүйе оқырманға кез келген уақытта кітап алып, уақытша пайдалануға мүмкіндік береді.

АҚШ-та осындай автомат- кітапханалар әуежайлар мен автотұрақтар секілді адамдар күтуге мәжбүр һәм жиі жалығатын орындарда орнатылып жатқан көрінеді. Бұл – оқуға деген қызығушылықты арттырудың заманауи әрі тиімді тәсілі.

Әлемнің әр түкпіріндегі 6 ерекше кітапхана

Су бетіндегі кітапхана

Норвегияда шалғай шығанақтардағы ауылдарға кітап жеткізудің ерекше шешімі табылған. «Эпос» атты кеме сәуірден қыркүйекке дейін жағалаудағы 150 елді мекенді аралап шығады.

Кеме әр ауылға дәл екі сағатқа тоқтап, тұрғындарға алты мыңға жуық кітап қорынан қалағанын таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар келесі сапарға дейін оқуға жеткілікті қосымша кітаптар да қалдырады.

Бұл ерекше кітапханалардың барлығы бір ойды дәлелдейді. Кітапқа деген сүйіспеншілік пен білімге деген құштарлыққа шектеу де, шекара да жоқ. Піл мен есек тасымалы арқылы да, танк ішінде де, теңіз бетінде де кітап адамды ойға жетелейді, рухын байытады. Демек қандай жағдай болмасын, адамзат білім мен рухани азыққа жол таба алады. Ал сізде бәрі бар – қалаңыздағы кітапхана, оқуға ыңғайлы тыныш ғимарат, жаңа кітаптар… Сіз осы мүмкіндікті пайдаланып жүрсіз бе?

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!