Әулие Валентин күні жақындағанда, базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған ашық хаттар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды-жасылды бұйымдар жайнап тұрады. Орталық базар сатушысының бірімен тілдескенімізде, мұндай бұйымдар, негізінен, көрші елдерден әкелінетінін, ал оған студенттер мен оқушылар тарапынан сұраныстың жоғары екенін айтады.
– Мен Наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелерге арналған құттықтау қағаздарын сатумен айналысамын. Ал Әулие Валентин күніне арналған бұйымдарды жыл басында арнайы әкеліп қоямын. Тауарлар ақпан айының 12-13 күндері өтімді болады, – дейді Абылай есімді сатушы.
Бұл мереке әлі күнге дейін жастар арасындакең көлемде аталып өтіледі. Көрші Ресей халқының 80 пайызы осы күнді атаусыз қалдырмайтын болса, оның 64 пайызы сыйлық алғанды құп көреді. Бұл орайда біздің елдегілер де ресейліктерден кем түспей отыр.
Әулие Валентин кім болған?
Әулие Валентинге қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде христиан діні алғаш тараған жылдарда Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері болғаны туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болыпты. Мұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры бұл күнді Әулие Валентин күні деп жариялаған. Тағы бір аңызда Валентиннің дін қызметкері екені, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, осы ісі әшкере болып басының кесілгені жөнінде айтылса, енді бірінде Валентин шіркеу қызметшісі болғандықтан, қызға сезімін білдіре алмай, оған жүрек тәрізді хаттар жолдайтыны баяндалған. Кейін оның ісі әшкерленіп, жазаға тартылады. Әулие Валентин күнін Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде.
Ресейде бұл мереке тоқсаныншы жылдардан бастап енгізілген. Біздің елімізде де осы Әулие Валентин күнін атап өту жастар арасында дәстүрге айналғаны қынжылтады. Аталған мерекенің шығу тарихынан жастардың көпшілігі бейхабар. Тіпті католик шіркеу қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеу мойындамайтын көрінеді.
Жастар және …
Әуелде Әулие Валентин күні мерекесінде жастар жиналып тойлаған. Мереке күні қыздар есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал жігіттер одан бір қағазды таңдайды. Онда кімнің есімі жазылса, мереке күні сол серігіне айналатын көрінеді. Қазіргі таңда мерекенің рәсімі сәл өзгеріп, қорапшаға қыз да, жігіт те өзіне ұнаған адамға ғашықтық сезімін білдіріп хат жазады. Осыған қарап, кім кімге ұнағанын біледі. Кейбір жоғары оқу орындарында бұл рәсім әлі де бар.
Жалпы бұл күнді жастар не үшін тойлайды? Осы орайда бірқатар жастың пікірін білген едік. Бұл жөнінде Болашақ университетінің студенті Айжан Нағыметпен пікірлестік.
– Оқушы кезімізде Әулие Валентиннің кім екенін білмесек те, он төртінші ақпанды «Махаббат күні» ретінде қарсы алатын едік. Мектепте арнайы шара ұйымдастырылмайды. Бірақ өзіміз осы күні ұнаған адамымызға құттықтау хатын жолдап, тілегімізді білдіретінбіз. Ал есейе келе, мәнісін түсініп, мереке ретінде қабылдамайтын болдық. Себебі қазақ жастарының әулие тұтып жүргені жәй ғана шіркеу қызметкері, тіпті бұл біздің дінімізге таңсық адам. Өзім қатарлы жастарға осы күннің тарихын түсіндіруге тырысамын, – дейді.
Сол секілд қала тұрғыны Жандос Аманхан да өз ойын білдірді.
– Өз басым Әулие Валентин күнін тойлауға қарсымын. Өзге елдің салтын насихаттап жүрміз. Есесіне Қыз Жібек пен Төлегеннің немесе Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін неге атап өтпеске?! Олардың арасындағы махаббат Валентиннің махаббатынан әлсіз деп ешкім айта алмайды, – дейді ол.
Бүгінгі жастардың көпшілігі осы күннің тарихын нақты білмей, тойлайтыны белгілі. Сосын жеңіл сезімге бой алдырып, көңілді кеш ұйымдастырып, соңында келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан жастар әрбір даталы мерекенің маңызын түсініп, астарына үңіліп көрсе дейміз.
Айтпақшы, 14 ақпан – «Халықаралық кітап сыйлау күні» екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ал ғашықтар күнін біздің ел 15 сәуірде тойлайды.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
