Фото: depositphotos.com

Магний – біздің ағзамыз үшін ең қажетті минералдардың бірі. Ол жүйке жүйесін тыныштандырады, жүрек соғысын реттейді, бұлшық етті босаңсытады және жалпы ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Бірақ көпшілігіміз магнийдің жетіспейтінін байқамай да жүре береміз, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Магний жетіспейтінін білдіретін 5 негізгі белгі:

  1. Тітіркенгіштік пен күйзеліс
    Көңіл-күйіңіз жиі құбылып, ұйқыңыз нашарлап, ұсақ нәрселерге ашуланатын болсаңыз – бұл жүйке жүйесінің магнийге мұқтаж екенін көрсетеді. Магний миды тыныштандыратын химиялық процестерге тікелей әсер етеді.
  2. Бұлшық ет тартылуы мен тырысу
    Аяғыңыз түнде жиі тартылып оянатын болса немесе денеңіз ұзақ уақыт қалпына келе алмайтын күйде жүрсе, бұлшық еттердегі магнийдің азаюы себеп болуы мүмкін.
  3. Созылмалы шаршау мен энергияның төмендеуі
    Ұйқы қанғанымен өзіңізді шаршаңқы сезіну – магнийдің жасуша ішінде энергия өндіруге кедергі келтіріп тұрғанының белгісі.
  4. Жүрек соғысының тұрақсыздығы
    Жүрек соғысы бірде жиілеп, бірде баяулап, секіріп тұрғандай сезілсе, бұл магний тапшылығының белгісі болуы мүмкін. Бұл минерал жүрек бұлшықетінің де жұмысына қатысады.
  5. Бас ауруы, мигрень
    Кейбір адамдарда магний жетіспеушілігі жиі бас ауруын тудырады. Әсіресе күйзеліс кезінде бұл жағдай ушығуы мүмкін.

Кімдерде магний тапшылығы жиі кездеседі?
– Газдалған сусын мен кофені көп ішетіндер
– Жүйкесі жиі шаршайтындар, күйзеліске бейім жандар
– Спортпен айналысатындар (тер арқылы магний шығып кетеді)
– Жүкті әйелдер
– Қант диабетімен ауыратындар

Магнийге бай тағамдар:
– Жасыл жапырақты көкөністер (шпинат, ақжелкен)
– Жаңғақтар мен тұқымдар
– Қарақұмық, сұлы жармасы
– Қара шоколад (кемі 70%)
– Банан, авокадо
– Бұршақ тұқымдастар

Қалай анықтауға болады?
Қан талдауы арқылы ағзадағы магний деңгейін тексеруге болады. Егер тапшылық расталса, дәрігер кеңесімен магний қоспаларын қабылдауға болады. Магний – ағзадағы көптеген процестерге жауап беретін маңызды элемент. Оның жетіспеушілігі – елеусіз басталып, ұзаққа созылса, денсаулыққа елеулі әсер етуі мүмкін. Сондықтан тамақтану әдеттерімізге мән беріп, ағзамызды тыңдай білейік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!