Жаңа жылды басты кейіпкерлер – аяз ата мен ақшақарсыз елестете алмаймыз. Оларды асыға күтетін, тіпті, жаңа жыл мен аяз ата, ақшақарды тікелей байланыстыра қарайтын бүлдіршіндер екенін мойындау керек. Ақ сақалды, қызыл киімді атаның сиқырлы қапшығынан сыйлық алу үшін қызу дайындық жасайтын да – балалар. Ән айтып, би үйреніп, өлең жаттап қоймай, аяз атаға арнайы арман-тілектерін айтып хат жазады. Оның қапшығынан тілегенінің бәрі табылатынына да сенеді. Осы бір ертегілерде ғана кездесетін ерекше ғажайып сәтті көру үшін әр жаңа жылды асыға күтетін балаларды қуанышы, риясыз күлкісі үшін ата-ана не істемейді? Әрі өмір бойы ұмытылмайтын эмоция сыйлайтын аяз ата мен ақшақардың да еңбегін бағалау керек.
Астана мен Алматы сынды мегаполистерде аяз ата мен ақшақардың «құны» қымбат. Өткен жылғы бағамен бағамдасақ, бас кейіпкерлерді үйге шақыру 25 мыңнан, ал мерекелік кешке шақыру 18 мыңнан басталады-мыс. Бұл – бар болғаны 30 минутқа ғана есептелетін шығын. Қолды қаритын қары жоқ болса да, аязы үлкенді де, кішіні де аямайтын біздің өңірдің аяз аталары мен ақшақарлары қанша табады? Қазіргі аяз аталар шанамен жүре ме? Балалардың аяз атаның қалтасынан күтетін сыйы қанша тұрады?
Қызылордадағы шағын аниматорлық орталықтардың бірінде ұйымдастырушы қызметін атқаратын Сымбат Тұрмахан бұл бизнес түрін ЖОО-ға түсіп, студент атанған алғашқы курсында бастағанын айтады. «Осы идеяны ұсынып, қаржылық қолдау білдірген ағам еді. Өзім барып, аниматорларға қажетті киімдерді сатып алдым. Сценарий жасалды. Осылайша біртіндеп шоу-бағдарламаларды ұйымдастыра бастадым. 8 адамнан тұратын командамен жұмыс істеп келе жатқанымызға – үшінші жыл. 4 ұл мен 4 қыз, яғни, 4 жұп аяз ата мен ақшақар», – дейді Сымбат Алтынбекқызы. Ұйымдастырушының айтуынша, 15 минуттық шоу-бағдарламаның құны 15 мың теңгені құрайды. Ал аяз ата мен ақшақар әрі қарай да кештің көркін қыздырсын десеңіз, олардың 30 минуттық қызметі 30 мың теңге тұрады. Яғни, жаңа жылдық кештер күн сайын ұйымдастырылатын жылдың соңғы аптасында күніне 100 мың теңге табыс табуға мүмкіндік бар. Бұл – әрі-бері тасымал құнын есептемегендегі таза табыс көлемі.
Мереке маусымында қос кейіпкерге сұраныстың артатыны анық. Ал қызылордалықтардың аниматорларға көзқарасы қалай? «Кейде алдын ала тапсырыс жасамай, отырып-отырып аяқ астынан шақыратындар да болады. Алматы, Астанадағыдай танымал болмаса да, аниматорларды тұрақты шақыратын, шоу-бағдарламаларды жақсы көретіндер бар. Оның үстіне кішкентай балалар үшін ерекше сұранысқа ие. Дәл жаңа жыл күні балалар үшін, жекелеген отбасылардан тапсырыс түседі. Жақында ғана «Markizant» заң компаниясымен бірлесе отырып, ерекше балаларға арнайы шоу-бағдарлама ұсынып, қайырымдылық шарасына белсене қатыстық. Әрине, балаларға қуаныш сыйлау – біз үшін ерекше бақыт», – дейді ұйымдастырушы.
Бала көңілдің аяз атаға риясыз сенетінін атап өттік. Біз де сенгенбіз, біздің балаларымыз да сенеді. Яғни, қалтасы сыйға толы қайырымды атаны күту балалық қиялдан туса да, адамдардың жақсылыққа деген сенімімен тығыз байланысты. Ал қазіргінің кішкентайлары аяз атадан не сұрайды? Олар аяз атаға сене ме? Бұл туралы аниматорлық орталықтың мүшесі, аяз ата рөлін сомдап жүрген Байбарақ Тобажан пікір білдірді.
– Аяз ата рөлін сомдау өте қызықты жұмыс әрі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені назары секунд сайын сан түрлі нәрсеге бөлінетін жиырма бірінші ғасырдың баласын сендіру оңай емес. Балалардың көзінше киіміңді ауыстырып киіп, оларды алдауға болмайды. Олармен амандасып, тіпті, кеш біткен соң қоштасудың өзін үлкен дайындықпен атқарып шығуға тырысамын. Өйткені балаларды келесі жылы тағы да келетініңе сендіре білуің қажет.
Хат жазып, сыйлық күтетін кішкентайлардың күтетін сыйлықтары біз ойлағандай қарапайым емес, заманауи әрі қаржылық жағынан үлкен мөлшерде. Мысалы, 5-6 жыл бұрын балалар түрлі ойыншық, компьютерлік ойын түрлерін сұрайтын болса, қазір техниканың жаңа түрлеріне, яғни, планшет, ұялы байланыс телефондарына «тапсырыс» береді. Ата-аналар да баланың қуанышы үшін оларға сұрағанын сыйлауға дайын. Әрине, көңілі тап-таза парақтай сәбилердің қуанғанына не жетсін?! – дейді аяз ата.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!