Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ләззат Жалғасбайқызымен әңгімелесіп отырып, музей қорындағы ерекше аяқ киіммен таныс болдым.
Музей қорында ағаштан ойып жасалған аяқкиім үлгісі бар. Бір қызығы, бұл аяқкиім үш тақалы.
– Аяқ киімнің ерекшелігіне қызыға отырып, зерттей келе Испания елінің Кантабрия провинциясында альбаркас үш бөлек тақасы бар аяқ киім үлгісі бар екеніне көз жеткіздік. Кантабрия альбаркасы – бұл әсіресе Испанияның солтүстігіндегі Кантабрия шаруалары пайдаланған, қатты ағаш аяқ киім. Көршілес Астурия провинциясында мадрен стилінде әлі күнге дейін ауылдық жерлерде кеңінен қолданылып келеді делінген кей деректерде. Бір тақасы өкше тұсында, ал қалған екеуі табан жастықшысының бөлігінде орналасқан. Аяқкиімнің үш тақалы болуының себебі балшықты жерлерде аяқтың бүлінбеуіне көп септігін тигізген. Тақаларының бәрі конус тәріздес, тақалы аяқкиім қазіргі таңда сәндік үшін қолданылса, ертеректе балшықты өңірлерде кеңінен пайдаланған. Аталмыш аяқкиімде тақаларының төменгі жағы үшкірленген, табан бөлігі жалпағырақ келген, – дейді Л.Жалғасбайқызы.
Ұзындығы 34 см, ені 11 см, қабырғасының қалыңдығы 1 см өкше тақасының биіктігі 8 см, табан жастықшасының бөлігінде орналасқан тақа биіктігі 7 см, аяқ киім ішінің өкше бөлігінің биіктігі 4 см, бас жақ бөлігінің биіктігі 7 см. Шамамен аяқ өлшемі 43-44 размерлі аяқ киім екен.
– Ағаш аяқкиімдер көптеген елдің дәстүрлі киім үлгісі. Ағаштан жасалған аяқ киімді Европа елдерінде қарапайым адамдар мен балықшылар киген. Ағаш аяқкиімдердің қалай қай елде пайда болғандығы туралы нақты мәлімет айту қиын. Археологтардың зерттеу жұмыстары нәтижесінде б.з.д 15 мың жыл бұрын тасқа салынған суреттер Испания жерінен табылған. Қазір көптеген адам тақалы аяқкиім әйелдердің қажеттілігінен туындады деген қате ойда жүр. Людовик ХVІ заманында тақалы аяқкиімдердің тақа биіктігі лауазымына байланысты өзгеріп отырған. Тақа биіктеген сайын лауазымы жоғары екендігін аңғартқан. Әйелдердің тақалы аяқ киімін алғаш ХVІ ғасырда Екатерина Медичи күйеуінен бойының қысқалыған жасыру мақсатында ойлап тапты деседі, – дейді маман.
Ал қазақ даласында малшылар тұяқ тақа деген атаумен аяқ киімді балшықтан не мал көңінен сақтап, таза ұстау үшін бертін келе ағаштан, ілгеріректе мал тұяғынан жасалған бұйымдарды пайдаланған. Жасалу мақсаты испандықтармен сабақтасқан. Тұяқ тақаның жасалу техникасы жаңа сойылған жылқының төрт тұяғын ажыратып, тазалап алады да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяғын жұптап, бірнеше жерінен тесіп қайыстан бау жасап аяқ киімге матап байлап алған.
Музей маманының айтуынша, бұл экспонат қорға атақты колекционер Азат Әкімбектің 2015 жылы ұйымдастырған көрмесімен бірге келіп, колекционер өз коллециясынан бірнеше затпен қоса осы бір ерекше ағаш аяқ киімді музейге құрметпен тапсырып кетіпті.
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!