Кейде күнделікті күйбеңнен қол үзіп, бір сәт Жер ғаламшарының тұтас болмысы туралы ойланған қызық. Біз тыныстап жүрген ауа қайдан пайда болды? Біздің ғұмырымызға тіршілік қуатын беріп тұрған табиғат заңдылықтары қалай жұмыс істейді? Адамзат ғасырлар бойы «Жердің өкпесі» деп әспеттеп келген Амазон орманы шынымен бізге оттегінің негізгі бөлігін сыйлап отыр ма? Әлде бұл көпшілік сеніп келген аңыз ғана ма? Ғалымдардың соңғы зерттеулері осы сұрақтарға күтпеген жауап ұсынды. Қарастырайық…
Әлем картасына көз салсақ, Амазон тропикалық орманы ең үлкен жасыл белдеу екенін көреміз. Мұндайда «Жердің өкпесі» деген атаудың бекер қойылмағандай көрінуі заңды. Тіпті осы тропик орман ғаламдық оттегінің бестен бірін бөлетініне сенеміз. Бірақ ғалымдар бұл фактінің де, метафораның да ғылыми тұрғыда қате екенін айтады. Яғни орманның оттегі қорына ықпалы азғантай ғана екен.
Ал енді Жер атмосферасының құрамына назар аударайық. Ондағы көмірқышқыл газының үлесі жарты пайызға жетер-жетпес, ал оттегінің мөлшері – 21%. Массачусетстегі Woods Hole зерттеу орталығындағы Амазон бағдарламасын басқаратын Майкл Коэның айтуынша, атмосферамызда Жердегі оттегінің бестен бірін шығаруға жетерлік көмірқышқыл газының қоры жоқ. Орман көмірқышқыл газының әрбір молекуласын жұтқан сайын, дәл сол мөлшерде оттегі өндіріп шығарады. Мұндай жағдайда Амазон тропик орманының ғаламшардағы оттегінің едәуір бөлігін өндіріп шығуы мүмкін емес.
Оксфорд университетінің экожүйелер маманы Малхи Ядвиндер 2010 жылғы есептеуіне сүйеніп, құрлықтағы фотосинтездің үштен бірінен астамы, нақтырақ айтқанда, 34%-ы тропик ормандарға тиесілі екенін айтады. Жер аумағы бойынша, тропик ормандардың шамамен жартысы Амазон алабына тиесілі. Осылай есептеп көргенде, құрлықта шығатын оттегінің шамамен 16%-ы дәл осы тропик орманның еншісіне жатады. Ал мұхиттағы фитопланктондар өндіретін оттегіні қоса есептесек, әлемде шығатын оттегінің 9%-ы ғана Амазон алабына тиесілі болмақ.
Журналист Катарина Циммер осы тақырыптағы зерттеу жұмысында жасушалық тыныс алу жөнінде де жазған еді. Ағаш оттегіні шығарып қана қоймай, оны қайта жұтатыны да бар. Бұл құбылыс «жасушалық тыныс алу» деп аталады. Өсімдік күні бойы жинаған қантты энергияға айналдыру үшін оттегіні пайдаланады. Осылайша, күн сәулесі түспей, фотосинтез тоқтап қалатын түнгі уақытта ағаш өзі шығарған оттегіні қайта «жұта» бастайды. Дәл осы секілді ормандағы ағаштар өзі өндірген оттегінің жартысынан сәл астамын осылайша қайта жұтады. Ал қалған бөлігін Амазон алабында тіршілік ететін сансыз микроағзалар пайдаланады. Олар оттегіні тұтына отырып, орман төсін жауып жатқан өлі органикалық қалдықтарды ыдыратады.
Колорадо штаты университетінің атмосфера зерттеушісі Скотт Денниңнің айтуынша, біз бүгінде дем алып жүрген оттегі – мұхиттағы фитопланктондардың миллиардтаған жыл бойы үздіксіз бөліп, біртіндеп жиған мұрасы. Соның арқасында атмосфера қазіргі күйіне жеткен. Сан-Паулу университетіндегі Озық зерттеулер институтының климаттанушы ғалымы Карлос Нобре «Амазон алабының биоалуандығы жайлы айтып жүргендер аз. Шын мәнінде, ол Жер бетіндегі ең бай экожүйе. Алайда климат өзгерісі мен тропик орманның жойылуы ұлы қазынаға қатер төндіріп отыр» дейді.
Міне, әлем ғалымдарының пікірі, дерегі осындай. Қорытындылай келе, орманның әлемдік маңызын көрсету үшін оны өкпеге теңейді. Ал зерттеушілер бұл салыстырудың қисынға келмейтінін айтуда. Түптеп келгенде, өкпе оттегіні бөліп шығармайды, керісінше оны ішке тартады.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!