«Көз қорқақ, қол батыр» деп бекер айтпаса керек. Әнел Сытдықова есімді қазақ қызы осы нақылды тағы бір мәрте дәлелдеген секілді. Қараша айында өткен Антарктиданы жүзіп өту марафонына қатысқан кейіпкеріміздің сапары сәтті аяқталып, тарихта есімі қалды. Рекордшы қазақ қызы туралы толығырақ мақаламызда баяндамақпыз.
Әнел Сытдықова – 2019 жылы триатлон бойынша Англиядан Францияға дейін Ла-Манш арнасын жүзіп өткен Қазақстандағы алғашқы және жалғыз әйел. 15 сағат, 15 минутта 38 шақырым қашықтықты игерген ол межеге дейін тоқтамай келген және арнайы гидрокостюмді қолданбаған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «темір ханымның» ерік-жігеріне тәнті болып, шеберлігіне таңданысын жасырмаған еді.
Батыр қыз араға уақыт салып, 2022 жылы Манхэттеннің айналасындағы 48 шақырымды құрайтын 20 көпірді жүзіп өткен. Дәл сол жылы 18 сағат, 19 минутта 34 шақырымды құрайтын Лос-Анджелестегі Санта-Каталина аралдарынан материкке дейін жетті.
Әлемдегі ең беделді марафон қашықтықтарының бірі – Каталина бұғазын жүзіп өту. Бұл белесті де артта қалдырған қазақ қызы «Triple Crown of Open Water» титулын иеленді, ал ТМД-да мұндай жетістікке қазақ қызынан басқа әлі ешкім жетпеген.
Биыл жер жүзінің ең суық материгі Антарктидада кезекті марафон өтті. Кейіпкеріміз 18 минут, 58 секунд ішінде 750 метр қашықтықты артта қалдырып, тағы да бір мәрте тарихи сәттің себепкері атанды. Марафонға қатысушылар қатарында «Ice seven» титулының иегері Кейт Стилс және «Oceans Seven»- ді бағындырған Линтон Мортенсен секілді танымал жүзу спортының шеберлері болған.
Халықаралық мұзды суда жүзу қауымдастығының (IISA) ұйымдастырушысы және негізін қалаушы Рам Баркай басқарған топтың құрамында Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Венгрия, Малайзия, Австралия және Қазақстаннан келген 13 жүзуші мен 1 дәрігер болған.
Кейіпкеріміз су бетіндегі саяхаты қорқынышты сәттерге толы болғанын жеткізді. Бүйірлік ағындармен бірге мұздар да қозғалып, Әнел мұзтауға бетпе-бет соғылған екен. Соның кесірінен жарақат алса да, қайсарлығы басым қазақ қызы бұл кедергіден де өткен. Кейіпкеріміздің сөзінше, Антарктида суларын жүзіп өту оның арманы болған. Бұл саяхатқа 2 жыл бұрын тіркелсе де, тек биыл жүзеге асырудың сәті түскен.
– Антарктидада сіз жоспарлаған қашықтық пен жылдамдық маңызды емес. Антарктида қанша мүмкіндік берсе, сонша жүзесіз. Соған қарамастан, біз сәтті жүзіп өттік. Бұл менің арманым еді. Ол жердің ауа райы суық болғаны рас. Су температурасы -1,4 градус, ал желдің жылдамдығы сағатына 35 шақырымды құрады. Дегенмен айсбергтер мен пингвиндердің арасында жүзу ерекше әсер қалдырды. Антарктидаға келудің өзі керемет, ал онда жүзу кез келген жүзушінің арманы болар. Мен үшін бұл марафон керемет тәжірибе мен ұмытылмас сезімдерге толы болды, – дейді ол.
Әнел Сытдықованың жеке өміріне тоқтала кетсек. Ол – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Бүгінде отбасымен Ұлыбританияның Оксфорд қаласында тұрады. Үш ұлдың анасы. Жұмыс бабымен елден қоныс аударса да, Отанға деген махаббаты ыстық кейіпкеріміз туған жеріне жиі келіп тұратынын айтады.
Әнел жүзу білмесе де, 2012 жылы триатлонға қызығып, үйірмесіне жазылған екен. Үздіксіз жаттығулардың арқасында көптеген жетістікке жеткен. Ол – триатлон бойынша Қазақстанның алғашқы «Темір әйел» (Железная леди), алғашқы әйел «Ironman» және «Ultraman» жарыстарының жеңімпазы. Сондай-ақ Ла-Манш бұғазын алғашқылардың бірі болып жүзіп өткен қазақ қызы.
«Темір ханымның» бұл жетістігі күллі қазақ халқының болмысын аша білгендей. Себебі бойындағы батырлығы мен жетістікке деген ұмтылысы «алынбайтын қамалдың жоқтығын» дәлелдеді. Расымен, кез келген адам мұндай батыл қадам жасауға жүрегі дауалай бермегенімен, Әнел Сытдықова үшін кезекті белестің бірі болды. Кейіпкеріміздің бұл жігерлі әрекеті әрбірімізге үлгі болары сөзсіз.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!