«Қалауыңды қағазға жаз, қалай да нәтижесін береді!» Бұл кеңесті танымал тұлғалар мен қалталы кәсіпкерлерден жиі еститін боларсыз… Ендеше дәл осы тақырыпта ой толғап көрелік.
Адамзат тарихында ойдың һәм сөздің күші туралы көптеген пікір бар. Көне дәуір философтарынан бастап, қазіргі психологтар мен коучтерге дейін ойды қағазға түсірудің маңыздылығын ерекше атап өтеді. Жазудың күші туралы түрлі көзқарастар бар: бірі мұны психологиялық әдіс деп қараса, енді біріжазылған ойлардың орындалуын тылсым құбылыспен байланыстырады. Ал шын мәнінде, қағазға жазудың артында нақты ғылым мен өмірлік тәжірибе жатыр. Бұл әдіс мотивацияны арттырумен қатар, адамның мақсатына жетуіне де ықпал етеді.
Қағазға жазылған ойлар орындала ма? Иә, бірақ бұл жай ғана сиқыр емес. Бұл – адамның санасы мен жүйелі әрекеттерінің нәтижесі. Психологияда «жазбаша аффирмация» және «визуализация» деген түсініктер бар. Ғалымдардың пайымдауынша, адам өз ойларын қағазға түсіргенде, санасы оны қабылдап, бейсаналы түрде жүзеге асыруға тырысады. Бұл құбылыс «бағдарланған назар теориясы» деп аталады.
Адам миы ақпаратты өңдеудің екі негізгі әдісін қолданады: ойша елестету және физикалық әрекеттер арқылы бекіту. Ойларды қағазға түсіру – осы екі процесті байланыстыратын көпір тәрізді.
Зерттеулерге сүйенсек тек ойша ғана мақсат қоятын адамдардың 25%-ы оған жетсе, ал қағазға жазған адамдардың 42%-ының ойға алғаны орындаладыекен. Сондай-ақ нақты жоспар құрып, әрекет жасағандардың 75%-ы табысқа жететін көрінеді.
Көп адам арманын тек ойша сақтайды, бірақ қағазға түскен нәрсе жауапкершілікті арттырады. Бұл психологияда «сыртқы жауапкершілік қағидасы» деп аталады. Яғни, егер адам өз мақсатын тек ішінде сақтаса, оны ұмытып кетуі мүмкін. Ал қағазға жазса немесе оны басқа адамдарға айтса, оның орындалуына деген жауапкершілігі күшейеді.
Кейде адам өз армандарын ойша елестеткенімен, нақты әрекетке көше алмай жатады. Осы кезде қағазға жазу – алғашқы қадам жасауға, ойды нақтылауға көмектеседі. Мысалы, жай ғана «кәсіпкер болғым келеді» деп ойлағаннан гөрі, «Мен өз кәсібімді ашып, 2025 жылдың соңына дейін тұрақты табыс табамын» деп жазу адамға айқын мақсат береді. Сондай-ақ бұл әдіс мақсатыңызға жету үшін жүйелі жоспар құруға ықпал етеді әрі ішкі сеніміңізді арттырады. Жазбаша түрде адам өз жолындағы кедергілерді де анық көріп, оларды жеңу жолдарын ойластырады.
Сала мамандарының айтуынша, тек жазып қою жеткіліксіз, оны жүзеге асыру үшін бірнеше қағиданы сақтау маңызды:
- Арманыңды анық жаз. Не қалайтыныңды айқын көрсет. Мысалы, «Бай болғым келеді» дегеннен гөрі, «Келесі жылы айына 500 000 теңге табатын боламын» деп жазған абзалырақ.
- Жоспар құр. Қай уақытта, қалай іске асырасың? Әрекетке көшу үшін қандай қадамдар қажет екенін анықтап жаз.
- Көзге көрінетін жерге іліңіз. Күнделікті көзіңіз түсетін жерде тұрса, бұл миға сигнал береді. Ал ми әрекет жасауға ынталандырады.
- Жетістіктерді белгіле. Әр орындалған қадамды белгілеп отыр. Бұл мотивацияны арттырады.
- Әрекет етіңіз. Сенім мен әрекет қатар жүруі керек. Ойша сеніп отыру жеткіліксіз, нақты қадам жасау маңызды.
Зерттеулер көрсеткендей, қағазға жазылған ойлар адамның миында ұзақ сақталады және бейсаналы түрде әрекет етуге итермелейді. Бұл неврологиядағы Ретикулалық Активтендіру Жүйесі (РАЖ) арқылы түсіндіріледі. Ми маңызды ақпаратты автоматты түрде сүзгіден өткізеді, ал жазылған нәрселерді ми әлдеқайда маңызды деп қабылдайды. Осылайша, егер сіз өз мақсатыңызды жазсаңыз, сіздің миыңыз оны жүзеге асыру жолдарын іздей бастайды.
Джеймс Пеннбейкер жазудың психотерапиялық әсерін зерттеген. Оның еңбектерінде жазу адамның эмоцияларын реттеуге, күйзелісті азайтуға және жалпы психологиялық әл-ауқатты жақсартуға көмектесетіні айтылады.
Сондай-ақ жазу технологиясының адам психикасына әсерін зерттеген танымал психологтардың бірі – Вирджиния Бернингер. Ол қолмен жазу мен пернетақтада терудің миға әсерін зерттеген және қолмен жазу когнитивті дамуға оң әсер ететінін дәлелдеген. Ол бастауыш сынып балаларын екі топқа бөліп, бақылау жүргізеді. Оқылған мазмұндаманы бірінші топтағы балалар компьютермен терсе, екінші топтағы балалар кәдуілгі қаламсап пен қағазды қолданады. Нәтижесінде жиналған мәтіндерді талдау барысында қағазға жазылған шығармалар бай қиялмен және сөздік қолданыстың кеңдігімен таңқалдырған. Профессор Бернингердің пікірінше, бұл жазу процесінде мидың белсенді жұмыс істеуінің айқын дәлелі.
Қағазға жазған ойлар шынымен де орындалуы мүмкін, бірақ бұл тек сенімге ғана емес, жүйелі әрекетке де байланысты. Жазу арқылы табысқа жетуден бөлек ішкі әлеміңізді, психологиялық жай-күйіңізді де реттеуге болады. Мәселен әлеуметтік желі арқылы елге танылған психолог, мотиватор Балқия Балтабай «жазу технологиясы» арқылы әлдекімге деген өкпе-реніштен де арылуға болатынын айтады. Ал сіздің көзқарасыңыз қандай?
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!