Қазіргі қоғамда арықтау жай ғана сән қуу емес, денсаулыққа деген саналы қадамға айналды. Біреу үшін ол айнадағы бейнемен келісу болса, енді бірі үшін – еркін қозғалу, жеңіл тыныстау, өзіне деген сенімді қайта табу. Алайда көбі арықтауды ашығумен немесе қатаң диетамен шатастырып аламыз. Шын мәнінде, салмақ тастау – өз ағзаңмен тіл табысу өнері.
Көпшілік салмақтан тез құтылу мақсатында дәрі ішуді таңдайды. Иә, кей препараттар тәбетті уақытша басып, салмақтың тез азаюына әсер етуі мүмкін. Бірақ дәрі арқылы арықтау мәселені шешпейді, керісінше ағзаны тәуелділікке үйретеді. Салмақты қауіпсіз әрі тұрақты азайтудың жалғыз жолы дұрыс тамақтану мен қозғалыс.
Дене қимылы – маймен күрестегі ең тиімді әрі тегін құрал. Мәселен бір сағат бойы велосипед айдау 400-600 калория жоғалтуға мүмкіндік береді. Бұл – бір шоколадты торттың энергетикалық құнына жуық. Ал қарапайым жаяу жүрудің өзі күніне 10 мың қадам жасалса, шамамен 300-400 калорияны жояды.
Қызығы, жүгіру кезінде бір сағатта 600-800 калория жұмсалады, алайда ол бәріне бірдей қолайлы емес. Ал баяу серуендеу буындарға салмақ салмай, жүйкені тыныштандырады. Зерттеулерге сүйенсек, күніне 30 минут белсенді қозғалыс зат алмасуды едәуір жақсартады екен.
Көпшілік арықтау үшін алдымен тамақтан бас тартады. Алайда бұл – ең қауіпті жол. Таңғы асты ішпеген адам кешке шамадан тыс тамақ жеуге бейім келеді. Ақуызға бай тағамдар – жұмыртқа, айран, балық – ұзақ уақыт тоқтық сезімін береді.
Су ішудің де рөлі зор. Күніне жеткілікті мөлшерде су ішу зат алмасуды 20-30%-ға дейін жылдамдататыны дәлелденген. Кейде адам аштықты емес, шөлді сезінеді.
Арықтауға күйзеліс кедергі келтіреді. Стресс кезінде бөлінетін кортизол гормоны майдың жиналуына ықпал етеді. Ал тәулігіне 7-8 сағат ұйықтамаған адамның артық салмақ қосу қаупі әлдеқайда жоғары.
Сөз соңында, арықтау – қысқа марафон емес, ұзақ жол. Бұл жолда қатаң тыйымнан гөрі тұрақты әдет жеңеді. Таразыдағы сан емес, жеңіл қимыл, сергек көңіл мен денсаулық бірінші орынға шыққанда ғана нәтиже баянды болады. Себебі сымбат – дененің емес, өмір салтының айнасы.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
