Еуропада адамдар қолмен тамақ жеп жүрген кезеңде Шығыс елдерінде ас ішу мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан еді. Соның ең айқын белгісі – таяқшамен тамақтану дәстүрі. Бұл үрдіс қайдан шықты? Аңыз ба, әлде тарихи шындық па? Шынымен де оған үш мың жылдан асты ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Шығыста таяқшамен тамақтану туралы халық арасында кең тараған аңыз бар. Онда бір ұлы император жорық кезінде қатты ашығып, аспаз дайындаған ыстық етті жегісі келеді. Алайда жанында қасық та, өзге құрал да болмайды. Күте алмаған император жақын маңдағы ағаштан екі бұтақты сындырып алып, сол арқылы етті алып жейді. Содан бастап таяқша қолдану дәстүрге айналған деседі.
Әрине, бұл аңыз ғана. Бірақ археологиялық қазбалар кезінде б.з.д. шамамен 1200 жылға тиесілі ас таяқшалары табылған. Демек, бұл құралдың тарихы үш мың жылдан асып жығылады. Яғни, аңыз болмаса да, дәстүрдің тамыры тым тереңде жатыр.
Тарихшылардың пікірінше, бүгін біз білетін үлгідегі таяқшалар Қытайда Тан әулеті дәуірінде (б.з. VIII ғасыр) кең тарай бастаған. Ол кезде адамдар орман ағашын қарқынды түрде пайдаланып, отын аса қымбат ресурсқа айнала бастаған. Сондықтан жанып жатқан отынның үстінде тағамды мүмкіндігінше тез дайындау маңызды еді.
Осы қажеттіліктен тағамды ұсақтап турап, тез қуыру тәсілі пайда болды. Бұл әдіс қазіргі таңда «вокта пісіру» деп аталады. Ұсақ кесілген тағам тез дайындалатындықтан, дастарқанда пышақтың қажеті болмады. Ал кішкентай бөліктерді таяқшамен алу өте ыңғайлы еді. Уақыт өте келе бұл тәжірибе мәдени дәстүрге айналып, бүгінге дейін сақталып келеді.
Шығыс мәдениетінде пышақ тек тұрмыстық құрал емес, соғыс қаруының нышаны ретінде қабылданған. Сондықтан оны дастарқан үстіне қою – бейбіт көңіл күйге қайшы саналды. Бұл жөнінде ұлы ойшыл Конфуций (б.з.д. V ғасыр) «ас үстелінде соғыс құралына орын жоқ» деген мазмұнда пікір айтқан.
Осы көзқарасқа сәйкес, пышақсыз тамақтану – тыныштық пен үйлесімділіктің белгісі. Тіпті қос таяқша Шығыстың «Инь» мен «Ян» ұғымдарының символы ретінде қарастырылады. Бір таяқшамен ештеңе істеу мүмкін емес, екеуі бірігіп қана қызмет атқарады. Бұл – тепе-теңдік пен өзара тәуелділіктің көрінісі.
Шығыс асханасында тағамнан бөлек, оны тұтыну әдебі де маңызды. Мысалы, таяқшаны тағамға тік қадап қоюға болмайды. Бұл – аса құрметсіз қылық. Себебі таяқшаны тігінен қою тек еске алу рәсімдерінде ғана жасалады. Сондықтан мұндай әрекет үй иесіне ауыр тиіп, әдепсіздік саналады.
Таяқшамен тамақтану дәстүрі Жапонияға шамамен б.з. III ғасырында жеткен. Алғашында бамбуктан жасалған қарапайым таяқшалар қолданылса, кейін жапондар оларды жетілдіріп, арнайы тұғыр, яки таяқша қоятын шағын тіреу ойлап тапты. Дәстүрлі дастарқанда таяқшаның жіңішке ұшы сол жаққа қаратып қойылады.
Жапондар бұл дәстүрді одан әрі дамытып, сәбидің «алғашқы таяқшасы» атты ерекше ғұрып енгізді. Бала жүз күнге толғанда оған алғашқы таяқша сыйға тартылады. Зерттеулерге сүйенсек, баланың ерте жастан таяқша ұстауды үйренуі ұсақ моториканы дамытып, жазуды тез меңгеруіне оң әсер етеді.
Таяқшамен тамақтану – жай ғана ас құралы емес, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан мәдениет, философия және өмір салты. Оның астарында үнемшілдік те, бейбітшілік ұстанымы да, эстетика да жатыр. Сондықтан Шығыс халықтары үшін таяқша – дәстүрдің, тәртіптің және үйлесімділіктің белгісі.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
