Біз көбіне жұлдыздар мен айға қарап армандаймыз. Кейде түнгі аспан шексіз тыныштық пен сырға толы әлем екенін ұмытып кетеміз. Ал аспан құбылыстары – жай ғана физикалық үдеріс емес, олар адамның ішкі әлемімен үндесіп жататын табиғаттың үнсіз тілі іспетті. Әсіресе кейбір құбылыстар көзімізді ғана емес, көңілімізді де баурайды. Соның бірі – маусым айының ерекше тартуы «Құлпынай айы» атанған ғажайып толық ай.
«Құлпынай айы» деген не?
11 маусым күні аспанды ерекше сәуле кернеді. Бұл туралы әлеуметтік желілерде де түрлі видео тарады. Бірі құбылыстан қорықса, бірі таңданды. Ал негізінде бұл жаздың алғашқы толық айы еді. Астрономдар оны «Құлпынай айы» деп атайды. Бұл атау – солтүстік америкалық алгонкин, оджибве, дакота секілді байырғы халықтардың дәстүрінен алынған. Олар маусым айындағы толық айды дәл осы уақытта пісетін жидекпен байланыстырған. Ай бұл кезде Жерге барынша жақындап, ерекше алтын түстес реңкке енеді. Бірақ атауына қарамастан, ол қызыл не қызғылт түске боялмайды. Жай ғана көкжиекке жақын орналасуына байланысты, жарығы сәл өзгеше қабылданады. Бұл – сирек кездесетін және визуалды әсері ерекше құбылыс.
Reuters агенттігі бұл сәтті Түркия, Грекия, Италия, АҚШ, Венгрия мен Қазақстанда түсірілген бейнекөріністер арқылы көрсетті. Әлеуметтік желілерде де қолданушылар аспанға көз тігіп, бұл көріністен алған әсерімен бөлісті.
«Құлпынай айы» деген Strawberry Moon атауының аудармасы, яғни маусым айындағы толық айдың халық арасындағы атауы. Еуропалық мәдениетте бұл құбылысқа басқа атаулар да тән. Мысалы, «Бал айы», «Гүл айы», «Қызғылт ай». Әр атаудың астарында сол өңірдегі табиғи және тұрмыстық ерекшелік жатыр.
Көпшілік «құлпынай» дегенді естіп, Ай шын мәнінде қызғылт немесе алқызыл түске боялады деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл – оптикалық иллюзия. Айдың түсінің өзгеруі оның атмосфера арқылы сынуымен және көкжиекке жақын орналасуымен байланысты. Биыл маусымдағы толық ай ерекше болды. Ол Жерге барынша жақын орналасып, 357 000 шақырымдай аралықта тұрды. Астрономияда мұндай жағдайды перигей деп атайды. Мұндай кезде Ай біршама үлкен және жарық көрінеді – бұл құбылыс «суперай» деп те аталады.
Қазақстан аумағында 11 маусым күні Айдың толық фазасы Астана уақытымен сағат 14:44-те болды. Әрине, бұл уақытта көк аспанда Ай көрінбейді. Бірақ құбылысты сол күні кешке және келесі күндері кешкі уақытта бақылай алдық. Әсіресе, жарығы аз ауылдық және далалық аймақтарда көрініс айрықша байқалды. Климаттық жағдай мүмкіндік берсе, көзбен қарауға да болады. Телескоп немесе басқа да құрылғылар міндетті емес. Ең бастысы, аспан ашық болу керек. Астрономиялық тұрғыдан бұл – Жер мен Айдың табиғи өзара қозғалысының бір бөлігі. Алайда адамзат Айға қарап әрқашан түрлі мағына жүктеп келген. Айдың толық көрінуі көптеген халықтарда табиғатпен үндестіктің белгісі саналады. Кей елдерде бұл – энергияның толысқан уақыты, біреулер үшін жаңа бастаманың нышаны.
Биылғы «құлпынай айы» – тек астрономиялық құбылыс қана емес, адам мен табиғаттың үндестігін, жыл мезгілдерінің ауысу әсемдігін сезінуге себеп болған ерекше түн болды. Алғашқы жазғы толық айды көріп үлгермеген жандар үшін келесі әсерлі сәт 2043 жылға қарай ғана қайталанбақ. Бірақ аспанға көз тігіп, уақыттың сұлулығын сезінуге ешқашан кеш емес.
Ал толық ай деген не? Бұл Айдың Күнге қарама-қарсы орналасып, ал Жердің екеуінің ортасында қалған кезеңі. Сол кезде Ай беті толық жарықпен қамтылып, түнгі аспанда толық шеңбер ретінде көрініс табады. Мұндай құбылысты географиялық орналасу мен уақыт белдеулеріне қарай түрлі уақытта бақылауға болады. Мысалы Нью-Йоркте 21:08, Лондонда келесі күн таңертең 01:08-де, ал Жапонияда 09:08-де көре аламыз.
Айдың фазаларына тоқталсақ, 1-10 маусымда «Толу үстіндегі ай», 11 маусымда «Құлпынай айы», 24 маусымға дейін ай кішірейіп, 25 маусымда жаңа ай туылады.
Әр құбылыс табиғаттың жыл сайынғы, бірақ өзіндік ерекшелігі бар «тартуы» секілді. Мұндай құбылыстар аспанға қарап ойлануға, уақыт пен кеңістіктің үндестігін сезінуге себеп болмақ.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!