900 сағат. Бұл − 37 күн. Ал осынша уақытты көкте өткізу мінезді, тәртіпті, болаттай беріктікті талап етеді. Осындай талап үдесінен шығып жүрген жандардың бірі – ІІМ Ұлттық ұлан құрамындағы 3656 әскери бөлімінің ұшқышы Берікболсын Хабиболла. Ол өзінің қайтпас қайсарлығын, жүректілігін, нағыз жауынгерге тән қасиетін танытты.

Майордың авиациядағы жолы ерте басталған. Ол тоғызыншы сыныптан бастап Астана қаласындағы ұшқыштарды даярлайтын оқу-техникалық мектебінде білім алған. Әуе кемесін басқаруды мектепте үйренсе, маман болудың қыр-сырын Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында меңгерген. Мұнан бөлек, оқу барысында Латвия, Литва, Эстония, Германия мен Испания секілді мемлекеттерден де тағылымдамадан өткен.

Кейіпкердің тәжірибесіне қарап, ұшқыштың қызметі жаттығу немесе жоспарлы ұшудан тұрмайтынын аңғардық. Адам тағдыры таразыға түскен шақта ол да көкке көтерілді. Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісі кезінде Берікболсын Хабиболла Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға қатысып, 3656 әскери бөлімінің авиациялық экипаж құрамында алты рет апат аймақтарына гуманитарлық көмек жеткізген.

Майордың батылдығы жоғары бағаланып, ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ұландық ұшқыштар қай кезде болмасын қызметке һәм көмекке дайын. Мысалы 3656 әскери бөлімі құрылғаннан бері олар 100 мыңнан астам адам мен 8 миллион тоннадан астам жүк тасымалдаған. Берікболсын Хабиболланың айтуынша, әр ұшу − тәжірибе мен жауапкершіліктің мектебі.

−Ұшақ кабинасына отырған сәттен бастап сен ұшақпен бір тұтас механизмге айналасың. Ал әрбір көкке көтерілу, әуе кемесін тізгіндеу ұшқышқа бұрынғыдан да мұқият болуды үйретеді, −дейді ол.

Расымен де, көкті бағындыру үшін білім де, тәжірибе де, тәртіп те қажет. Өйткені аспан қателікті кешірмейді.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!