фото: ашық дереккөзден алынды
Аспанға қарағанда біз көретін мақтадай аппақ бұлттар – табиғаттың тылсым құбылыстарының бірі. Олар туралы ой толғау көп. Әсіресе үлпілдеген ақ мақтаның сыртынан сурет сызып, балалық кезеңді еске алу қандай ғанибет. Оны қолмен ұстап көру әрбіріміздің арманымыз болған шығар. Біз оны мақтадай жеңіл деп елестетеміз. Бірақ аспанның ақ желкендерінің бізге белгісіз сыры бар.
Тұңғиық, түпсіз көк аспан,
Жайымен ғана жатыр сұлқ.
Керуендей адасқан,
Келеді жылжып бір топ бұлт, – деп Мұқағалидің өлеңінде орын тапқан бұлттың біз білмейтін жақтары бар екен. Өлеңдерде ол автордың көңіл-күйін, адамның арманын арқалайды. Бірде сұрланып қас-қабақтың бұртиғанын аңғартады. Оны қолға алып, ұшып көру бәріміз үшін арман. Бірақ оның салмағы білсеңіз, бұл идеядан қашатын едіңіз. Америка құрама штатындағы Ұлттық атмосфералық орталығының қызметкері Пегги Лемон бұлттың салмағын анықтады. Елестетіңізші, ол 500 000 киллограмға тең екен. Бұл біз жиі көретін бұлттың салмағы. Мұндай қызық есепті шешу үшін Лемон бұлтты пілмен өлшейді. Орта қалыптағы үлкен пілдің салмаға шамамен 6 тоннаны құрайды. Ал бұлт жануардың 100-ге жуығының қосындысындай салмаққа ие деген тұжырым жасайды.
Бұл ғажайып тек жерде ғана емес, күн жүйесіндегі басқа да планеталарда бар. Бірақ бір қызығы олармен тамсану мүмкін емес. Бұл туралы «Крупскі веснік» газетінде жазылған. Шолпандағы бұлт күкірт қышқылынан тұрады. Ал Юпитер мен Қоңырқайда олар аммиак және метаннан жасалған. Бір қызығы олардың түсі де ерекше. Біз үшін үйреншікті ақ желкендер мұнда түрлі-түсті ашық сызықтар мен дақтарға ұқсайды. Оларды тіпті жердің өзінен көруге болады.
Осыдан болар, бұлт туралы ақындардың өлеңі көп. Оның тылсым, көпшілікке беймәлім қабілетін байқап па екен, ақындар көңіл-күйді де ерекше бияздықпен сипаттайды. Бірі «Ақша бұлтым, айтшы маған, айтшы маған, келдің қайдан?» десе, енді бірі «Ойға батып опынам – өңiм бе бұл, түсiм бе? – үнсiз кейде отырам қара бұлт iшiнде», – деп жырлайды. Ал сіз бұлтқа қарап нені елестетесіз, оқырман?
М. МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!