фото: ВКОНТАКТЕ әлеуметтік желісінен
«Қазақ» сөзінің шығу тегі жайлы зерттеушілер арасында әртүрлі пікір бар. Бірі «қас-сақ» сөздерінің қосылуынан пайда болды десе, ал енді бірі «қаз-оғ» (оқ) сөздерінің бірігуінен туындаған деген деректі келтіреді. Көтергелі отырған тақырыбымыз қазақ тіліндегі кейбір сөздердің этимологиясы жайлы болмақ.
Этимология – гректің etumos «ақиқат», logos «білім» деген сөздерінің бірігуінен пайда болған. Тіл ғылымының бұл саласы жеке сөздің ғана емес, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің де түп төркінін, шығу тегін зерттейді.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Сыр өзенінің атауы сан мәрте ауысқаны жайлы деректер кездеседі. Скиф тілінде «Силис», ежелгі грек тілінде «Яксарт» деп жазылған бұл өзен XIII ғасырдан бастап Сырдария атауын алған.
Сырдария атауының мағынасына үңілсек, татар тілінде «дария» өзен сөзін білдірсе, «сыр» сөзі сары деген мағынаны береді екен. Яғни Сырдария «сары өзен» деген мағынаға ие.
Дінтанушы-филолог, PhD доктор М.Төлеген өзінің «Мұхиттың этимологиялық қойын дәптері» жазбасында «алақай» сөзіне талдау жасайды. Сіз «алақай» сөзінің араб тілінен енгенін білесіз бе? Араб тіліндегі «Алла хай» сөзіндегі «хай» – тірі деген мағынаны білдіреді екен. Яғни жария дауыспен «Алла тірі» деу арқылы жаратқанды мақтапмадақтаған адамның бойына ізгі қасиеттер ұялап, жүрек көзі ашылады деген наным бар.
Ағайын сөзінің түп төркіні «аға» және «іні» деген сөздердің кірігуінен пайда болғанын бірі білсе, бірі білмес. Ал қарындас сөзі қазір тек қыз баласына қатысты қолданыста жүр. Көне түркі тілдерінде қарындаш сөзі бір құрсақтан шыққан (құрсақ – қарын) аға-іні, бауыр деген мағынаны білдірген.
Туыстық атаулар этимологиясы жайлы жалғастырсақ, жиен сөзінің шығу тегі тіпті қызық. Ертеректе жат жерге ұзатылған бір елдің қызы бірнеше жылдан соң балаларымен төркіндеп келген көрінеді. Сонда нағашысы қыздың баласына мал атап, өзі таңдаған малына ен салдырады. Жаз шыға, бала нағашы жұртына келгенде нағашысы: «Балам, жи еніңді!» деп ілгеріде атаған малын жинатып алған екен. Ел аузында «жиен» сөзі осылай пайда болған деседі.
Сонымен қатар қазақта күйеуі тірі әйелді ешқашан кемпір деп атамаған. Оның себебі мынада, қазақта «Пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бар. Әйел заты өз ерін «пірім» деп құрметтеген. Сондықтан кемпір сөзі «пірі кем», «арқа сүйер азаматы жоқ» деген мағынаға саяды.
Ал қазақ әдебиетіндегі қара өлең атауының этимологиясы жайлы танымал ғалым Сәбетқазы Ақатаев мынадай пікір айтады:
– Қазақтың «қара» деген сөзі заттар мен құбылыстардың тек түсін ғана білдіріп қоймайды, «қара» атауы – байырғы, көне, ескі, мәңгі өзгермейтін деген мағынада да кеңінен мәлім. Мәселен, қара шаңырақ, қара Ертіс, Қара-хан – ортағасырлық қазақстандық хандардың лауазымы, Қара-хан – қытай жылнамаларында ғұн хандарының бабасы. Бұл атаулар «ежелгі», «ескі», «мәңгі» деген мағынаны білдіреді. Қара әлемнің әуелгі жайы (мрак, хаос), әлемнің күн түспейтін солтүстік жағы, мәселен, Қара теңіз – солтүстік теңіз мағынасында. Сондықтан «қара өлең» деген атауды біз дәстүрлі, байырғы қазаққа ертеден тән халықтық поэтикалық мәдениетті белгілеу үшін қолданамыз, – дейді.
Апта атауларының арғы тегіне тоқталайық. Қызығы, еретеректе апта басы қазіргідей дүйсенбіден емес, жексенбіден басталған дейді кей мәліметтерде. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Байқап отырғаныңыздай жұмадан өзге алты күннің атауы бірбіріне ұқсайды. Себебі басқалары парсы тілінен енсе, жұма сөзі араб тілінен енгені жайлы мәліметтер ашық дереккөздерде жарияланған.
Парсыша «шембе» сөзі «жарық шығаратын аспан денесі», яки күн, ай, жұлдыз, жалпы барлық аспан денелерін білдірсе керек. Күн сөзі шумер тілінде «шамму» атауымен берілсе, вавилонша «шамаш», ал көне Сирия тілінде «шәмші», арабша «ашШәмсі» деген атауға ие.
Жоғарыда апта ертеректе жексенбіден басталғаны жайлы қозғаған болатынбыз. «Бір» сөзі санскритше «ека», көне парсы тілінде осының аздап өзгерген түрі «йек» атауына ие. Яғни аптаның алғашқы күні саналған «йек-шембе» – біздіңше аптаны қорытындылайтын жексенбіміз. Ал дүйсенбі сөзіндегі «дө» екі деген сан есімді білдіреді екен. Оған дәлел, екі – көне парсы тілінде «ду», орысша «два», ағылшынша «ту». Ал сәрсенбі атауының алғашқы «се» түбірі «үш» деген атауды білдіреді. Көне парсы тілінде «сірәй» болған дәл осы күннің атауы орысша «среда», яғни үш сан есімі орысша «три», ал ағылшынша «three». Айналып келгенде түркі тілдері ғана емес, жалпы жер бетіндегі барлық тіл туыс па дерсің?!
Сонымен қатар күн аттарындағы тіркескен бес түрлі сан есім парсыша ғана емес үнді-еуропалық тілдегі сан атауларына ұқсас деген мағлұматтар бар.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!