Әлеуметтік желідегі аватар (профиль суреті) – адамның ішкі әлемін айналаға танытудың бір формасы. Ол жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін, көңіл-күйін, өмірлік ұстанымдары мен өзін-өзі қабылдау деңгейін көрсетеді. Ғаламтор арқылы танысып, дос болатындар қатары сәт сайын артып келеді. Бұдан төнетін қауіп те аз емес. Себебі әлеуметтік желідегі парақша артында шын мәнінде кім отырғанын болжап білу әсте қиын. Дегенмен психолог мамандар әлеуметтік желідегі суреті арқылы адамның мінезін зерттеп, зерделеуге болатынын жоққа шығармайды. Осы мақалада аватардың адам мінез-құлқымен қандай байланысы барын қарастырамыз.
Егер адам аватар ретінде өз суретін таңдаса, бұл оның ашықтығы мен сенімділігін көрсетеді. Олар өзін-өзі жақсы қабылдайды және өздерін сыртқы әлемге көрсетуге дайын. Сондай-ақ жеке фотосуретін таңдағандар эмоционалды тұрақты жандар және тұрақты өмірлік принциптерге ие. Өз келбетін көрсету арқылы олар қоғамдағы өз орнының маңыздылығын айқындап, көпке танылуға ұмтылады. Оның үстіне желіге бейберекет танысуды іздеп келгендер қатарынан емес. Өзінің анонимдығын сақтамайды, анкетасында өзі жайлы шынайы жазып, әлдекіммен танысса да өзі жайлы жалған ақпарат бермейді. Бұл адамдар өте ашық, көңілді, шыншыл келеді. Өмірде өз ойын ашық айта алатын батыл жандар.
Ал топтық фотосуреттерді аватар ретінде қолданатын адамдар әлеуметтік қарым-қатынасқа бейім жандар. Ерекшелену, даралануға деген ұмтылыстан аулақ. Өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде қабылдайды.
Аватар ретінде анимация немесе виртуалды бейнелерді таңдағандар креативті тұлғалар. Олар қиял әлемінде жиі өмір сүреді және шығармашылықпен айналысқанды ұнатады. Сондай-ақ олар өзін-өзі тануға ұмтылысы жоғары жандар. Мұндай адамдар өз сезімдері мен болмысын басқа қырынан зерттеуге тырысады. Мультфильм кейіпкерлерін аватар ретінде таңдайтындар өзінің мінезіне келетін немесе сондай болуды қалайтын кейіпкерді таңдайды. Немесе олардың сол кейіпкермен тағдырлары ұқсас болуы мүмкін. Дегенмен кейде бұл суреттер шынайы өмірден қашу тенденциясын да білдіреді.
Табиғат немесе пейзаж суреттерін әдетте интроверттер таңдайды екен. Жеке кеңістікті бағалайды және сыртқы әлеммен арақатынаста мұқият келеді. Мұндай жандардың психолог, философ не архитектор болуы әбден мүмкін. Космос, тау, өзен-көл, гүлдер мен әсем жерлердің суретін терең ойлауды ұнататын жандар қолданады. Олар тыныштықты жақсы көретін һәм өмірден мән-мағына іздейтін ойшыл жандар. Мұндай адамдармен әлем әсемдігі, өмірдің мәні мен болмыс жайлы әңгімелесу қызығырақ.
Цитата немесе символды аватар ретінде қолданатын жандар өмірлік ұстанымдарды көрсетуге бейім. Олар өз пікірлерін білдіру үшін сөздер мен символдарды пайдаланады. Белгілі бір цитата адамға оның құндылықтары мен идеяларын еске түсіретін маңызды символ болуы мүмкін. Тіпті кейде жеке шекара қойып, қорғаныш қабырғасын жасауға ұмтылады.
Аватарында өзінің өмірлік хоббиін көрсететін адамдар қызығушылығы бір болатын дос тапқысы келеді. Ол өз өмірлік стилін сол суретпен көрсете отырып, өзіндей жандарды іздейді.
Тарихи тұлғаның суретін аватарына қоятындар өзінің сол тұлғамен мінездерінің ұқсастығын көрсеткісі келеді. Қоғамдағы рөлі сондай болуын қалайтын олар өмірінде орын алған оқиғаларды да сол тұлғамен ортақтастыратын көрінеді.
Фотошоп не басқа да бағдарламалармен салынған не өңделген, эксклюзивті аватарлар адамның шығармашылығын көрсетеді. Мінезі түсініксіз, қиын болып көрінеді. Алайда оның ойлау қабілеті басқалардан өзгеше, қарапайым нәрселерден жаңа заттарды көре алады.
Аватарына жұлдыздардың, танымал тұлғалардың суретін қоятын жандар заманауи және қызығушылықтары мол болып келеді. Олар әлемдік жаңалықтар мен шоу-бизнес хабарларынан қалыс қалмайды. Өзінің қызығушылықтары мен хоббилері туралы айтқанды ұнатады.
Аватарына бейтаныс өте сұлу жігіт не қыздың бейнесін қоятындар ғаламторда жаңа таныс іздеп жүргендер қатарынан. Бірден өзінің шын бейнесін көрсеткісі келмейтіндіктен, аватарына бейтаныс адамның суреттерін қояды. Сол арқылы басқалармен сөйлескенде қысылмай, өзін өте ашық, тартымды, батыл жан ретінде көрсетеді. Алайда өмірде де дәл сондай болуы екіталай.
Ұсқынсыз, қорқынышты суреттерді аватарына қоятын жандар өзіне сенімсіз, тұйық болып келеді. Осылайша қоршаған ортадан тығылып, қорғанғанды жөн санайды. Қорқынышты аватар оларға өзінің жаман жақтарын өмірде емес, ғаламторда көрсетуге мүмкіндік береді.
Ал ешқандай аватар қолданбайтын адамдарға үш түрлі сипаттама беруге болады. Біріншісі жеке кеңістікті жоғары бағалайтын жандар. Өздері жайлы ақпараттың жасырын болғанын қалайды. Екіншісі қарапайымдылыққа ұмтылатындар. Олар сыртқы көрініс емес, шынайы қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Ал үшіншісі сенімсіз жандар. Олар ешқандай аватар қолданбауы арқылы қорғаныс механизмін іске қосады.
Ал аватарын жиі ауыстыратын адамдарға келетін болсақ, олар мінезі тұрақтанбаған жандар қатарына жатады. Бұл қасиет көбіне жасөспірімдерге тән.
Адамның аватары – бұл оның ішкі әлемінің айнасы. Әрбір таңдау – жеке тұлғаның психологиялық қырларын, өмірлік құндылықтарын және өзін-өзі тану деңгейін көрсететін маңызды элемент. Әлеуметтік желіде аватарға қарап, адамның эмоциялық жағдайы мен өзіндік ерекшеліктерін түсінуге болады, бірақ бұл тек болжам екенін ескеру қажет. Тұлға туралы тереңірек түсіну үшін оны жақын танып, мінез-құлқын толықтай талдаған жөн.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!